Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Баспасөз қызметінің міндеттері мыналар болып табылады:

1. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ету;

  • Президенттің шетелдерге сапарларын, жұмыс сапарларын және қатысуымен өтетін басқа да іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатымен дайындауға және өткізуге қатысу;
  • Президенттің қатысуымен өтетін іс-шараларға аккредиттелген журналистердің жұмысын ұйымдық қамтамасыз ету;
  • Президенттің отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастыру; 
  • Президенттің және оның қатысуымен өтетін іс-шаралардың кәсіби және сапалы фото және бейнетүсірілімдерін қамтамасыз ету;

2. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді имидждік қолдау;

  • Президенттің ресми сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын стилистикалық және әдеби редакциялау;
  • Президенттің қызметі, оның ішінде ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын түсіндіру мәселелері бойынша сөйлейтін сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын дайындау;

3. Президенттің қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді коммуникативтік қолдау;

  • Президенттің www.akorda.kz ресми веб-сайтына жаңалықтар хабарларын, ақпараттық материалдарды, баспа, аудио-, фото- және бейнеөнімдерді әзірлеу, редакциялау және орналастыру;
  • Президенттің қызметі және оның қатысуымен өтетін  іс-шаралар туралы БАҚ-ты ақпараттық материалдармен хабардар және қамтамасыз ету;
  • «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмысын Президенттің қатысуымен өтетін іс-шараның телевизиялық түсірілімін ұйымдастыру, Телерадиокешеннің тақырыптық жоспарын келісу, Президенттің қызметі туралы бейнеөнімдер өндіру, шығару және тарату процесі, сондай-ақ Президенттің қызметі  жөніндегі бейнематериалдарды сараптаудан өткізу және мемлекеттік сақтауға беруге дайындау тұрғысынан үйлестіру және бақылау;
  • Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөніндегі қоғамдық комиссияның құрамы және жұмысын ұйымдастыру;