Жаңалықтар

26 маусым 2013
Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

 

Отырыста көлік-коммуникация саласындағы, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қабылданатын іс-шаралар талқыланды.

Комиссия отырысын ашқан Мемлекеттік хатшы М.Тәжин сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес басталған реформаларды одан әрі ілгерілетудің ғана емес, жалпы еліміздің табысты дамуының және Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның ең дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуы жөніндегі міндеттерді іске асырудың аса маңызды шарты екенін атап өтті.

Отырыс барысында көлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа ең бейім салалар рұқсаттама рәсімі жүйесі және бюджет қаражатын игеру саласы болып табылатыны атап өтілді.

Қазақстан Республикасының автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған және көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаларын іске асыруда ескеретін жайлар баршылық.

Бұдан басқа, отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі ең алдымен құқық қорғау органдарының қызметіне байланысты екені атап көрсетілді. Сонымен қатар, аталған органның өздеріне де осы қауіпті құбылыстың ықпалы байқалған. Мысалы, өткен жылы ішкі істер органдары қызметкерлері – 289, төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері – 45, кедендік бақылау қызметкерлері – 43 және қаржы полициясы қызметкерлері – 15 сыбайлас жемқорлық әрекетін жасаған.

Мемлекет басшысы құқық қорғау қызметкерлерінің қатуысуымен өткізген соңғы кеңесте қызметкерлер арасында сыбайлас құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тетіктерін қалыптастыру, тиісті тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және оларға халықтың сенім деңгейін арттыру қажеттігіне көңіл бөлуі кездейсоқ емес.

Отырыста Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевтің, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары А.Ержановтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіпбековтің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ә.Байменовтің, Бас прокурор А.Дауылбаевтың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы А.Мусиннің есептері тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия тарапынан мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар