Жаңалықтар

21 қыркүйек 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевскимен кездесті

Кездесуге Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бірыңғай әлемдік саясатты жүзеге асыруда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстан 2012 жылдан бері Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығына мүше болып, оның мақсаттарын іске асыруға қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге мүдделі.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген халықты әлеуметтік қорғау саласындағы саясаттың дәйекті жүргізіліп келе жатқанын айтты. Г.Әбдіқалықова Қазақстанның бүгінде әлеуметтік-экономикалық жетістіктердің арқасында жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты әлеуметтік қорғаудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесін қалыптастыру мәселелерін тиісінше реттеп отырғанына назар аударды.

Г.Әбдіқалықова 2016 жылы Қазақстан Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы Техникалық комиссиясының құрамына бірінші рет кіргенін атап өтті. Бұл еліміздің осы халықаралық ұйымның жұмысына белсенді түрде атсалысуына тың серпін береді.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевскиге елімізге сапарының табысты болуына тілектестік білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар