Жаңалықтар

27 маусым 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыс етіп, алғысын жариялады

Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты шара барысында сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерін, Мемлекет басшысының алғысына ие болған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанның барлық журналистерін кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

– Қазір еліміздің халықаралық оң имиджін ілгерілету жөніндегі жұмыстар қызу жүріп жатыр. Соның ішінде Қазақстанның инновациялық болашағын қалыптастыру және әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылу үдерістерін жан-жақты көрсету ісіндегі отандық БАҚ-тың рөлі арта түсуде. Осы стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыру мемлекет пен медиа-қоғамдастықтың өзара жемісті іс-қимыл орнатуы қажеттігіне негізделеді, – деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова жүйелі түрде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу биыл Елбасы бастамашылық еткен Қазақстанның үшінші жаңғыруын табысты іске асырудың негізгі факторының бірі болып саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының өкімімен сыйлықтар Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сланбекұлы Сембаевқа және «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі Майра Қабиқызы Абдрахмановаға табыс етілді.

Гранттар «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Пішенбайұлы Шәріпов пен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Дмитриевна Магерге тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы «Астана» телеарнасындағы «Біздің уақыт» телевизиялық бағдарламасының, «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының, Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің және «Хабар 24» телеарнасының шығармашылық ұжымдарына жарияланды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар