National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған монумент алдында өткен «Азалы тарихқа тағзым» атты митингке қатысты

2017 жылғы 31 мамыр

Митингке қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, қайта жөнделген монументке гүл шоқтарын қойды.

Мемлекеттік хатшы 3 миллионнан астам адам саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбаны болғанын айтты. Г.Әбдіқалықова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» деген сөздер айтылғанына тоқталды.

Мемлекеттік хатшы одан соң «Ұлттық сана: тарихи тәжірибе және рухани жаңғыру» атты тақырыппен өткен халықаралық конференцияға қатысты. Сондай-ақ, конференцияға облыс әкімі Қ.Көшербаев, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Д.Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясының, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының меңгерушілері, шетелдік және отандық сарапшылар, ғылыми және зиялы қауым өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының және жер аударылғандардың ұрпақтары қатысты.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде тарихи сананың көкжиегін кеңейтуге, сол кезеңнің оқиғалары мен деректерінің өзара байланыстылығы мен сабақтастығын көруге мүмкіндік беретін, тәжірибелік мақсатты көздеген конференцияның қоғамдық-саяси маңызы жоғары екенін атап өтті.

Конференцияда қазіргі заманғы Қазақстан мемлекеттілігі тұрғысынан «Алаш» құндылықтарына, қуғын-сүргін, ашаршылық және жер аудару кезеңіне тарихи талдау жасау тәжірибесі және басқа да мәселелер қаралды.

Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан тарихының ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қасіретті кезеңін талқылау қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне қосылатын елеулі үлес екенін айтты.

Конференция қорытындысы бойынша форумға қатысушылар Қазақстан халқына арналған үндеу қабылдады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы «Атамекен» балалар ауылын аралап, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында болды. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің