Жаңалықтар

3 сәуір 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлыбританияға тағылымдамаға жіберілетін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиаттарымен, судьялармен және сот жүйесі қызметкерлерімен өткен кездесуге қатысты
ҚР Жоғарғы Соты

Кездесуге Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов қатысты.

Тағылымдама аясында стипендиаттар ағылшын соттары жұмысының қағидаттарын, сот төрелігі, соттың заң шығару қызметі мен сот үлгілері, халықаралық құқықтық төрелік мәселелерін зерделейтін болады.

Сондай-ақ, Ұлыбритания соттарында, жетекші заңдық және адвокаттық кеңселерінде тәжірибеден өту жоспарланған.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің әлемдегі ең озық 30 ел қатарына қосылуына бағытталған 5 негізгі басымдықты айқындап бергенін атап өтті.

Басты міндеттің бірі – экономикалық өсімнің жаңа моделінің маңызды бір бөлігі ретінде адами капитал мен білім беру сапасын жақсарту. Еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету және оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін артыру адами капиталдың жоғары білім алу деңгейіне қол жеткізу үшін инвестиция салуды талап етеді.

Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасы іске асырылған 24 жылда 12 271 стипендия тағайындалғанын атап өтті. 9 427 маман даярланып, түлектердің 98%-і жұмысқа орналастырылған. Бүгінде 1 300-ден аса стипендиат білім алуда.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету, соның ішінде Ұлт жоспарында белгіленген «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру мақсатымен судьялардан, заңгерлерден және қаржыгерлерден құралған жекелеген мақсатты топтар айқындалды.

Соңында Г.Әбдіқалықова тағылымдаманың мамандандырылған бағдарламасынан өту Мемлекет басшысы белгілеп берген Бес институционалдық реформаны табысты іске асыру барысында стипендиаттардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар