Жаңалықтар

11 ақпан 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Сухейл Матар әл-Кетбимен оның дипломатиялық қызметінің аяқталуына орай кездесті

 

Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері ынтымақтастықтығының бүгінгі жай-күйіне және келешегіне қатысты кең ауқымдағы мәселелер талқыланып, күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі даму қарқынына қанағаттанатындарын білдірді. Өткен 10 жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллар болды. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен арадағы тауар айналымы бойынша  шығанақтағы араб елдері арасында 1-орында тұр. 2015 жылғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 97 миллион доллар болды. Қазақстанда туризм, көлік-экспедициялық сервис, тұтынушыларға қызмет көрсету салаларында БАӘ капиталының үлесі бар 50 кәсіпорын тіркелген.

Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның араб әлеміндегі және Парсы шығанағы аймағындағы негізгі серіктесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын және еліміздің Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдағандары үшін, сондай-ақ БАӘ Үкіметінің Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растағанына ризашылығын білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова БАЭ Қазақстанда ірі инвестор болып қала беретінін айтты. Астанадағы құны 1,6 миллиард долларды құрайтын «Әбу Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің құрылысы, ТМД және Қазақстан аумағында қызметін бастаған, капиталы 176 миллион доллар болатын  «Al Hilal» Ислам банкі, «Falah Growth Fund»  біріккен инвестициялық қоры – екі ел ынтымақтастығының жарқын көрінісі.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанда «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғанын, ол Дубайдың халықаралық қаржы орталығымен тәжірибе алмасатынын айтты. «Астана» ХҚО Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне, бүкіл Орталық Азия өңірінің ірі іскерлік хабына айналуға тиіс.

Мемлекеттік хатшы кездесу соңында Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Сухейл Матар әл-Кетбиге зор денсаулық, жаңа қызметіне табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар