Жаңалықтар

21 мамыр 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған Өңірлік бюросының директоры Хайнц Коллермен кездесті

 

Г.Әбдіқалықова Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) БҰҰ жүйесіндегі еңбек қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі халықаралық беделді ұйым ретіндегі рөлін атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның бұл халықаралық ұйыммен ынтымақтастыққа айрықша мән беретінін және ХЕҰ-ның негізгі іс-шараларына жыл сайын белсенді түрде қатысатынын атап көрсетті. Соның ішінде биылғы маусымда өтетін ХЕҰ Бас конференциясының 104-сессиясының тақырыбы маңызды екеніне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, тараптар еңбек қатынастары саласындағы Қазақстан мен ХЕҰ ынтымақтастығының келешегін талқылады.

Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформа мемлекеттік институттарды сапалы жаңартуға, экономикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға және кең ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап көрсетті.

Г.Әбдіқалықова «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету, бүгінгі жұмыс орындарын сақтау және сыртқы нарықтағы ахуалдың нашарлауы жағдайында жаңаларын ашу үшін ерекше мәнге ие екенін айтты. Аталған міндеттерді іске асыру ел экономикасын жандандырады, икемділікті арттырады және халықтың жұмыспен қамтылуын барынша қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлік проблемаларының шешілуіне мүмкіндік туғызады.

Кездесу барысында сонымен бірге Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдау, сондай-ақ Еңбекті қорғау және жұмыс күшінің икемділігі жөнінде зерттеу жүргізудің ұлттық бағдарын әзірлеу жөнінде ХЕҰ-ның техникалық қолдау көрсетуі мәселелері қаралды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар