Жаңалықтар

24 қараша 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Отырыста Қазақстанның азаматтығына қабылдау және одан шығу мәселелері қарастырылды.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның азаматы болуға талпынған адам саны тәуелсіздік алған сәттен бастап тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл жайт Елбасының парасатты басшылығы арқасында еліміз қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың, ұлтаралық және азаматтық татулық пен орнықты дамудың айқын айғағы болып саналады.  

«Біз республика тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында еліміздің жаңа азаматтарын ыстық ықыласпен қуана қарсы аламыз. Оларға бақытты өмір және енді олардың да Отаны болып саналатын еліміздің игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тілейміз. Қазақстанның лайықты азаматы атанып, егеменді еліміздің одан әрі дамуына олар өз үлестерін қосады деп сенемін», – деді Мемлекеттік хатшы.

Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін таяу және алыс шетелдерден келген әртүрлі ұлттың 622 өкілі жаңа қазақстандықтар атанады.

Сондай-ақ, жиында Ішкі істер министрлігінің Қазақстан Республикасы азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау және азаматтықтан айыру мәселелері жөніндегі жұмыс нәтижелері талқыланды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар