Жаңалықтар

2 наурыз 2016
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «ҚазТехЭкспо» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешеніне барды
 

Әйгілі «Zoje» брендінің тігін құралдарын құрастырумен, тігін, тоқыма және трикотаж бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпорын жұмысшыларының 70 пайызынан астамы – әйелдер. Заманауи кәсіпкер-инноватор Сәуле Шәуенова басқаратын «ҚазТехЭкспо» өндірісте жаңа технологияларды қолданады, машина жасау және тоқыма өнеркәсібі бойынша дуальды оқытуға, кәсіби стандарттар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге белсене қатысады, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындары үшін тәжірибе алатын орын қызметін де атқарады.

Г.Әбдіқалықова кәсіпорынды аралау барысында компанияның өндірістік-техникалық базасымен, кәсіптік бағдарлау жұмысымен, оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау және диагностика жөніндегі «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобаларымен танысты, сондай-ақ Астана қаласының мектеп оқушылары мен колледж студенттерімен кездесті.

Кездесуге Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов, Инвестиция және даму вице-министрі А.Рау, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев, мемлекеттік органдар мен білім саласының өкілдері қатысты.

Кездесу аясында Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық тегін білім беру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты.

Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканың 6 негізгі саласы үшін 10 колледжде және 10 жоғары оқу орнында білікті кадрлар даярлау ісі жүргізіліп, бұл тәжірибе еліміздің басқа оқу орындарына таратылып жатқанын атап өтті. 

Оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу, олардың кәсіби таңдау жасауына көмек көрсету, еңбек және кәсіптік оқыту тұрғысынан қажетті жағдай жасау үшін еліміздің 9 өңірінде 5-11 сыныптардың 20 000-нан астам оқушысын қамтитын 29 оқу-әдістемелік комбинат жұмыс істеп тұр.

Қазіргі уақытта еңбек нарығындағы бос орынның 70 пайыздан астамын жұмысшы және техникалық мамандар құрап отыр. Сондай-ақ бос орындардың басым көпшілігі орта деңгейлі білікті мамандарға (қосымша персонал) – 2,1 мың (14,0 %) және ірі, шағын өнеркәсіптік ұйымдардың,  құрылыс, көлік, байланыс, геология, жер қойнауын барлау салаларының білікті жұмысшыларына – 2,1 мың бос орын (14,0%) тиесілі.

Кездесу  соңында Мемлекеттік хатшы компанияның әйелдер қауымын алдағы  көктем мен жаңару мерекесімен құттықтады.

Гүлшара Әбдіқалықова кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірнеше нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар