National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекеттік наградалар тапсыру

2013 жылғы 14 желтоқсан

 

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.

***

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімін аша отырып, Тәуелсіздіктің 22 жылында елімізде бірқатар жақсы дәстүрлер қалыптасқанын атап өтті.

– Солардың бірі – Қазақстанның басты жалпыұлттық мерекесі қарсаңында республикамыздың ең лайықты азаматтарын марапаттау. Мұның өте терең символдық мәні бар, өйткені мемлекетіміздің тәуелсіздігі, осы жылдар ішінде сіздер мен біздер жасаған нәрсенің бәрі әрбір жеке адамның еңбегінен құралады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қызметі мен кәсібіне қарамастан патриотизм, өз ісіне берілгендік, Отан игілігі жолындағы қажырлы еңбек марапатталғандардың барлығын біріктіретінін айтты.

– Бәріміз награда алу үшін жұмыс істемейміз, тек өзіміздің күнделікті ісімізді атқарамыз. Адам сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде марапат пен сый-құрмет оны өзі іздеп табады. Біз үшін ортақ марапаттың ең құндысы – жаңа биіктерді бағындырып келе жатқан, күллі әлемге танылған, гүлденген Қазақстан. Мүлтіксіз атқарылған жұмыс үшін ең жақсы марапат – оны одан да жақсы істеуге мүмкіндік беру деседі. Біздің қоғамның аса маңызды құндылығы – оны біріктіретін қажырлы еңбек. Сондықтан мемлекет атынан біз өз еңбегімен зор табысқа жеткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетеміз. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Юрий Владимирович Пяға, Абзал Жұмашұлы Ералиевке және Иван Адамович Сауэрге беріледі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Юрий Пя негізін салған Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық бүгінде бүкіл республикаға және одан тысқары елдерге де белгілі екенін де атап өтті.

– Ол жаңа өмір сыйлаған мыңдаған ересектер мен балалар үшін үміт пен арашаның символы саналады. Орталық қысқа мерзімде барлық жаңа технологияны игеріп, әлемге танылды. Мемлекет басқа да бірегей орталықтар салды. Денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлінуде, қаржыландыру жыл сайын артуда. Осы салаға бөлінетін қаражаттың жалпы ішкі өнімге қатысты көлемі жөнінен біз дамыған елдер қатарына жақындадық. Алайда бүгінде қажетті жұмысты ғимарат пен жабдықтар емес, нақты айтсақ, мамандар атқарады. Қазір Юрий Пя өздерінің бірегей әзірлемелерін жасауға кіріскелі тұр. Биылғы жылы елімізде жүрекке 40 мыңнан астам әртүрлі ота табысты жасалды, ал шетелдерде жасау көп шығынды қажет етер еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Абзал және К» кәсіпорны мен оның директоры Абзал Ералиевтің қызметіне тоқталды.

– Бүгінде серіктестік күріштің түсімі жөнінен Қызылорда облысында көш бастап келеді. Компанияда күріш өсіруден бастап, дайын өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі толық өндірістік цикл енгізілген. Сондай-ақ, кәсіпорын күрішті шетелге басты экспорттаушы болып саналады. Ол адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға тұрақты түрде инвестиция салады. Мен бұл шаруашылықта бірнеше рет болдым және онда саябақтары, әлеуметтік нысандары және жайлы өмір үшін қажетті нәрсенің бәрі бар, нағыз гүлдей жайнаған қалашықты көріп таңғалдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстан Президенті сондай-ақ Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының зор жетістігін атап өтті.

– «Родина» агрофирмасы – ауыл шаруашылығы ісін жүргізудің нағыз үлгісі. Мысалы, кәсіпорындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 38 мың доллар келеді. Бұл – рекорд, себебі еліміз бойынша бұл көрсеткіш 7 мың долларға тең. Егерде, жалпы алғанда, аграрлық секторда өнімділік «Родинаның» көрсеткішінің жартысына жақындаған болса, онда өнім көлемі басқаша болған болар еді. Онда өндірісті мінсіз дамытып қана қоймай, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарайды. Фирманың еңбеккерлері жұмыс істейтін кентте спорттық және әлеуметтік нысандар, жақсы жолдар, ауруханалар  салынған, жылу беру жүйесі орнатылған, – деді Мемлекет басшысы.    

Қазақстан Президенті бүгін жоғары мемлекеттік наградалар ғалымдарға, мәдениет пен өнер, білім және денсаулық сақтау салаларының қайраткерлеріне, өндіріс иелеріне, қоғам қайраткерлеріне, әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырылатынын атап өтті.

– Сіздердің бәріңіз жаңа Қазақстанды құра отырып, барынша үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерлеріңіз бен таланттарыңызды аямай жұмсап келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз өз әріптестеріңізді және барлық азаматтарды зор биіктерге жігерлендіретініне сенемін. Өйткені, біздің алдымызда жаңа, анағұрлым ауқымды мақсаттар тұр. Нақ осындай жасампаздықпен алға қадам басу – Тәуелсіздігіміздің басты мән-мағынасы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Салтанатты рәсімнің соңында Қазақстан Президенті барлық лауреаттарды марапаттарымен тағы бір рет құттықтап, еліміз олардың еңбегін лайықты бағалап отырғанын атап өтті. 

- Сіздер үшін бұл қуанышты оқиға үлкен жауапкершілік те болып саналады деп ойлаймын. Сіздерге қарап жаңа лауреаттар өседі, осындай биіктерге жету үшін өзге үміткерлер ұмтылады. Еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор бақыт, бақ-береке тілеймін. Еңбектеріңіз үшін рахмет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

***

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері,  белсенді қоғамдық қызметі үшін Қызылорда облысының «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры А.Ж.Ералиевке, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Ю.В.Пя мен Ақмола облысының «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры И.А.Сауэрге берілді.

 «Отан» орденімен «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС президенті К.Ә.Сағадиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы В.С.Школьник, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Атырау облысының әкімі  Б.С.Ізмұхамбетов марапатталды.                                      

Түрлі дәрежелі «Барыс» орденімен «ҚазМұнайГаз салынатын кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС бас директоры Н.Ө.Балғымбаев, Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының бас хатшысы Т.А.Маңсұров, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Е.Ә.Ыдырысов марапатталды. 

Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері, өндірістік сала  өкілдерінің еңбегі «Парасат»  орденімен атап өтілді, олардың арасында суретші Қ.С.Абаев, жазушылар Т.Әбдіков, Б.Бодаубаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  профессорлары Ж.М.Әбділдин, Қ.Салғараұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ә.М.Байменов, «Жан Анам» қайырымдылық қорының директоры М.Ілиясова, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры  М.З.Искандиров, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы С.І.Қожабаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің кафедра меңгерушісі М.Қ.Қойгелдиев, «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Р.Отарбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә.Сағынтаев, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары А.Ю.Тараков, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың  директоры Т.Д.Теменов, Алматы облысы «ДРСУ-8» ЖШС директоры А.Г.Угрюмов, Қазақстан бокс федерациясының  вице-президенті Ю.А.Цхай бар.                               

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының мүшесі А.З.Алиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі Қ.Ә.Байбосынов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ актрисасы А.Темірова, Қазақстандағы «Филия» грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы П.И.Феодориди, Ресей Федерациясы «Ақжол» қазақ ұлттық мәдени орталығының президенті Т.Қ.Дүйсенбаев және басқалар ие болды.

 «Құрмет» орденінің иегерлері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Е.Н.Әбдіқадыров, «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры» РМК әртісі С.Л.Альберс, Ақмола облысы «Зеленый Бор» шипажайы» ЖШС бас директоры Д.М.Аманжолов, ақын О.Асқар, Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының № 27 орта мектебінің мұғалімі Ш.Б.Бейсенбекова, Солтүстік Қазақстан облысы «Кирилловка-Айыртау» ЖШС механизаторы Ж.С.Ғабдуллин, Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.А.Досаев, Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Ж.Қаппаров, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия директоры Ө.Ж.Қозыбақ, Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданындағы «Нежинка-Ерке» ЖШС бригадирі Н.П.Колковская, «Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры» РМК актрисасы О.В.Коржева, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК бас ғылыми қызметкері Ә.Қ.Машкеев, Алматы облысының әкімі А.Т.Мұсаханов, «Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» АҚ ректоры С.А.Святов, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі М.М.Токарев, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» РМК аға шебері С.Б.Туров, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Е.С.Құсайынов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Р.Шөкеев және т.б.  атанды.

Әскери және қызметтік бор­ы­шын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Олардың арасында II дәрежелі «Даңқ» орденіне Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы Ә.Т.Аманбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы С.С.Ерімбетов, ішкі істер министрінің орынбасары Е.Ә.Кененбаев, ішкі істер министрінің орынбасары А.Ж.Күреңбеков, қорғаныс министрінің орынбасары Б.Ә.Майкеев, Павлодар облысының прокуроры Д.Ш.Сартаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы С.Д.Шалабаев ие болды.

І дәрежелі «Айбын» орденімен М.Т.Махатов, II дәрежелі «Айбын» орденімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы – ұшулар қауіпсіздігі жөніндегі бас инспекторы Қ.Ә.Баймаханов, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің департамент бастығы Р.Ж.Чакенов, «Ерлігі үшін» медалімен Астана қаласы ішкі істер департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі М.Е.Сасанов марапатталды.  

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет, өндіріс пен әлеуметтік са­ланың 76 көрнекті өкіліне берілді, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 265 адам ие болды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің