Жаңалықтар

22 қазан 2013
Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы бірқатар жаңадан тағайындалған шетелдік елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстанға келуімен және дипломатиялық өмірбаяндарының жаңа парағын ашатын жаңа қызметтерімен құттықтады.

 

Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын Бельгия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петерманс, Армения Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ара Саакян, Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов, Бразилия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Деметрио Буэно Карвальо, Франция Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этъен, Куба Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Карлос Энрике Валдес де ла Консепсион, Катар мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Абдулла бен Ахмед Юсиф Ахмед әл-Мутаваа тапсырды.   

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстанға келуімен және дипломатиялық өмірбаяндарының жаңа парағын ашатын жаңа қызметтерімен құттықтады.

– Сіздер біздің елімізге ішкі саясаттағы маңызды оқиғалар кезеңінде келіп отырсыздар. Былтырғы желтоқсан айында мен ел дамуының жаңа басымдықтары белгіленген «Қазақстан-2050» стратегиясын жарияладым. Бұл бағдарламалық құжатта әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру ауқымды міндеті қойылып отыр. Бүгінде бүкіл Қазақстан осы мақсатқа қол жеткізу үшін топтасты, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Тәуелсіздік жылдарында елдердің дипломатиялық өкілдерімен достық қарым-қатынастар қалыптасқанына назар аударды.

Мемлекет басшысы біздің еліміздің Беларусьпен өзара тиімді ынтымақтастық аясын жүйелі түрде ұлғайтқанын атап өтті.

– Қазақстан – Беларусь қарым-қатынастарын жандандыруға осы айдың басындағы Александр Лукашенконың Астанаға ресми сапары айтарлықтай серпін берді. Біз Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында да  тиімді өзара іс-қимыл жасап келеміз. Ресеймен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақты – теңқұқылы және өзара тиімді экономикалық интеграция қағидаттарына негізделген ұйымды құрудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Армения Республикасымен көпжоспарлы қарым-қатынастарды нығайтуға және одан әрі дамытуға Қазақстанның ерекше маңыз беретініне тоқталды.

– Екі ел арасында барлық деңгейде сындарлы және өзара сенімге құрылған диалог орныққан. Біз Армениямен екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар аясын кеңейтуге және оны тереңдетуге мүдделіміз. Біз Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграция үдерістеріне Ереванның қызығушылық танытып отырғанын білеміз, – деді Қазақстан Президенті.               

Нұрсұлтан Назарбаев Франция Қазақстанның басымдығы бар сыртқы саяси серіктесі екенін айтты.  

– Біздің елдерімізді уақыт сынынан өткен берік достық экономикалық қатынастар біріктіреді. Астана мен Париж арасында өзара саяси түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Біздің өзара іс-қимылымызға 2008 жылғы Стратегиялық серіктестік туралы шарт айрықша сипат дарытты. Біз Президент Франсуа Олландтың Қазақстанға мемлекеттік сапарын күтудеміз. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына қуатты серпін беруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті республикамыздың  Бельгия Корольдігімен өзара қарым-қатынасы барлық бағытта орнықты дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

– Біз бірлескен инвестициялық жобаларды, соның ішінде энергетика, индустрия-инновация және экологиялық  технология, ғылыми-зерттеу жұмысы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Қазақтан мен Бельгия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық Бельгияның жаңа Королі – ұлы мәртебелі Король Филиптің қолдауы арқылы одан әрі дамиды деп сенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Бразилия Қазақстанның Латын Америкасындағы ірі серіктесі болып саналатынын атап көрсетті.

– Биыл біз Қазақстан мен Бразилия Федеративтік Республикасы  арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығын атап өтеміз. Бразилияда былтыр еліміздің сол өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігін – Қазақстан Елшілігін аштық. Экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге біздің мемлекеттеріміздің мол мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін, – Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев түрлі сала бойынша Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасындағы өзара іс-қимылдың даму қарқынына көңілі толатынын жеткізді.

– Биыл біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде біз Катар арқылы Таяу Шығыс өңірінде, араб және мұсылман әлемінде сенімді әрі сындарлы серіктес таптық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Қазақстан  мен Куба арасындағы қарым-қатынастар әрдайым достық сипатта дамып келе жатқанын айтты.

– Куба 1993 жылы Қазақстанда өз Елшілігін ашқан алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Біздің елдеріміз туризм және спорт саласында ынтымақтастық орнатқан. Кубаның медицина мен фармацевтика саласындағы озық технологиялары баршаға мәлім. Біз медициналық дәрі-дәрмек шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шетелдік елшіліктердің Астанаға көшіп келуі толық аяқталғанын еске салып өтті.

– Біз шетелдік дипломаттардың толыққанды жұмыс жүргізуі, тұрмыс-тіршілігі мен демалысы үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап отырмыз. Сіздерді алда көптеген қызықты әрі ауқымды іс-шаралар күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің маңызды халықаралық мәселелерге бастамашы болғанына тоқталды. 

– Атап айтқанда, Қазақстан ядролық қарусыздануға қарсы күрес процесінде көшбасшы, әлемдегі ірі ядролық полигонды жапқан және ядролық арсеналдан бас тартқан алғашқы мемлекет болып саналады. Сондай-ақ, республикамыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өтетін орын болып табылады. Біз Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары кеңесінің бастамашысымыз, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында конференция, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның осы жүзжылдықтағы алғашқы Саммиті осында өтті. Астана ірі әлемдік іс-шаралар өткізу орталығына айналып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін, сондай-ақ Алматыда «Универсиада-2017» халықаралық спорт ойындарын өткізуге дайындық жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

– Қазақстан мен сіздердің елдеріңіздің арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуы сіздердің жемісті де мазмұнды жұмыстарыңыздың сапасына байланысы болмақ. Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, біздің халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастардың әлеуетін мейлінше аша түсуге бағытталады деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттарды қызметке кірісулерімен тағы да құттықтап, оларға және жақындарына қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер деген ізгі тілегін білдірді.

***

Бұқаралақ ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында Бельгияның Төтенше және өкілетті елшісі М.Петерманс Қазақстан мен Бельгия қарым-қатынастарын күшейтуге сүбелі үлес қосатынын айтты.

– Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың айтарлықтай мығым екеніне қарамастан, одан әрі дамыту үшін елеулі әлеует бар. Түрлі сектордағы экономикалық ынтымақтастық мейлінше перспективалы болып саналады. Бельгия кәсіпорындары химия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, экология саласындағы тәжірибесін ұсына алады. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде бұл бағыттарда үлкен әлеуетке ие, – деді М.Петерманс.  

Өз кезегінде, Армения Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі А.Саакян Қазақстан мен Армения арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін беру ниетін білдірді.

– Жақында ғана Арменияға келген Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құқықтық базаны нығайту мәселесінде елеулі өзгерістер енгізе алады және жақындасудың жаңа нүктесін табуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Арменияның ынтымақтастығы бірнеше форматтарда – ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және өзге де өңірлік әрі халықаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Армения әлемдік маңызы бар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу ниетінде. Армения Президенті атынан Қазақстан Президентін біздің елімізге ресми сапармен келуге шақыруды тағы да қуаттағым келеді, – деді А.Саакян.  

Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі А.Ничкасов Қазақстан мен Беларусьті ұзақмерзімді ынтымақтастық пен берік дипломатиялық қатынастар байланыстыратынын айтты.

– Бұл қарым-қатынастар екі елге жаңа экономикалық форматты – Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан қазіргі уақытта ірі өңірлік орталықтар мен әлемдік державалар арасындағы табысты дипломатиялық қатынастарды қалыптастырудың үлгісі саналады. Оған қоса, қазақстандық экономиканың үлгісі – елдің табысты дамуының үлгісі, – деді А.Ничкасов.  

Бразилия Төтенше және өкілетті елшісі Д.Карвальо екі ел арасындағы қарым-қатынастар ең жоғары деңгейде екендігі жөнінде пікір білдірді.

– Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың жақында аяқталған Бразилияға сапарының қорытындысы бойынша біздің елдеріміз арасындағы инвестициялық және сауда қарым-қатынастарын жақсарту, визасыз режім енгізу жөніндегі бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл оқиға Қазақстан мен Бразилия арасындағы байланыстарды нығайту үдерісін едәуір жеңілдетеді. Екі елдің ұқсастығы олардың ірі энергия өндірушілер екендігінде және едәуір табиғи ресурстарға ие екендігінде болып отыр. Сондай-ақ, Бразилия қоршаған ортаны қорғау саласындағы және ядролық қарусыздану мәселесіндегі ынтымақтастықты нығайту ниетін көздейді, – деді Д.Карвальо.  

Франция Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ф.Этъен Қазақстан мен Франция ынтымақтастығын стратегиялық тұрғыдан маңызды деп атап өтті.

– Қазақстан – 2008 жылғы маусымнан бері Франциямен стратегиялық серіктес саналатын Орталық Азиядағы бірден-бір ел. Елдерімізді бірлік, мәдени алуандылық, ұлттық тіл, экономикалық жетістіктер тәрізді ортақ құндылықтар біріктіреді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті едәуір. Мен біздің қарым-қатынастарымыз дамудың жаңа серпініне ие болады деп сенемін, – деді елші.  

Кубаның Төтенше және өкілетті елшісі К.Консепсион Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін бағаламау мүмкін еместігін атап өтті. Ол Қазақстан мен Куба арасында халықаралық ынтымақтастық тұрғысында, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты қарым-қатынастар тиімді орныға түсетініне сенімін білдірді. 

Катардың Төтенше және өкілетті елшісі А.Әл-Мутаваа екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастар туризм, экономика және қоршаған айналаны қорғау саласында табысты дамып келе жатқанын мәлім етті. Елдер арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамыту мақсатында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін қарау ұсынылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар