Жаңалықтар

1 тамыз 2013
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталесті қабылдады

Кездесу барысында Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мәселелері, соның ішінде Тіркеу құжаттамасын дайындау процесі талқыланды.

Мемлекет басшысы В.Лоссерталестің Қазақстанға жиі сапарының маңыздылығын атап өтіп, ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

– Біз ЭКСПО көрмесін өткізудегі әлемнің көптеген мемлекетінің үздік тәжірибесіне талдау жасадық. Осыған байланысты біз үшін көрмені өткізу елімізге қандай пайда әкелетіні және ол аяқталғанан кейін не болатыны ерекше маңызды. Бұл мәселе көптеген азаматтарымызды толғандырады. Біз құрылған инфрақұрылым өз қолданысын тауып, елордамызға және барша елімізге пайдасын тигізуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл экономикаға» өту жөнінде еліміз қабылдаған тұжырымдама «Болашақ энергиясы» атты көрме тақырыбымен үндесетінін де атап өтті.

– Аталған мақсаттағы жетістіктер бірқатар салалар бойынша нақты өзгерістерге түсіп, жаңа индустрияны қалыптастырады және сапалы жұмыс орындары құрылады. Осының бәрі еліміздің одан әрі дамуына елеулі ықпалын тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде В.Лоссерталес ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге даярлық жасау жөнінде Қазақстандағы қызметтің жеделдігі мен тиімділігіне тоқталды.

– Біз көрмеге уақтылы дайындалып және өткізу үшін белгіленген жоспарға сай жұмыс жүргізудеміз. Тиімді үйлестіру бар. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия арнайы компания құру жөніндегі тапсырманы табысты орындап, қысқа мерзімде тиімді жұмысты жолға қойды. Ең бастысы – барлық қажетті құжат, соның ішінде Тіркеу құжаттамасы іс жүзінде дайын. Биыл құжаттама ұсынылады, одан кейін біздің ішкі рәсімдер жүзеге асырылады, ал келесі жылы біз тіркеуді толық аяқтаймыз, – деді Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы.

Сондай-ақ кездесу барысында көрмені ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де ілгерілетудің маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстанға сапары кезінде В.Лоссерталеске Тіркеу құжаттамасының жекелеген тарауларының жұмыс бабындағы алдын ала нұсқасы, атап айтқанда, көрмеден кейін пайдалану жоспары, коммуникациялық жоспар, сондай-ақ «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашып көрсететін көрменің мазмұны туралы жоспар таныстырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар