Жаңалықтар

18 ақпан 2013
Бүгін Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады

 

Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысына «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ партияның ағымдағы жұмысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жайлы баяндады.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Назарбаевты партияның филиалдары қызметімен танысу үшін еліміздің өңірлерін аралағаны және жұртшылықпен өткізген кездесулері туралы хабардар етті. Ол «Нұр Отан» өңірлердегі өз жұмысын күшейте түскенін және бүгінде Қазақстан Президенті саясатының арқасында партия халық арасында зор беделге ие екенін атап өтті. Еліміздің азаматтары партияның ұйымдары мен қоғамдық қабылдаулар қызметін оң бағалап отыр.

Бүгінде «Нұр Отан» ХДП құрамында 6300-ден астам бастауыш партия ұйымы, 3000-дай партиялық бақылау посты және 271 қоғамдық қабылдаулар орны бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Б.Байбекке еліміз өңірлерін аралауды жалғастыруды, партияның барлық филиалының жұмысымен танысып шығуды, сондай-ақ, жаңа міндеттерді партияластарға жеткізіп, азаматтардың көңіл-күйі мен қажеттіліктерін білуді тапсырды. Мемлекет басшысы қоғамның партияға, жалпы, билікке деген сенімін одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

- «Нұр Отан» - бұл халықтық партия. Ол қарапайым адамдардың арасында болуы керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.   

«Нұр Отан» ХДП Төрағасы мәслихаттар депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы билік органдарының қызметіне үнемі бақылау жасау және партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысына мониторинг жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев кезекті съезге Доктрина әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру, сондай-ақ, басқарушы партияның 21-ғасырдағы рөлін, көзқарасы мен орнын қамтамасыз ететін іргелі құжат болуға тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша «Нұр Отан» ХДП Төрағасы партия алдында тұрған міндеттерді одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.    


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар