Жаңалықтар

19 ақпан 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев ислам халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын атап көрсетті.

 

 

Кездесуге Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан Маямеров, сондай-ақ облыстардағы өкіл имамдар қатысты.

Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу еліміздің барлық мұсылмандары үшін елеулі оқиғамен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа бас мүфтиі сайланды. Ержан Маямеров әлемдегі ең танымал ислам оқу орындарының бірі – Египеттегі Әл-Азһар университетін бітірген. Тәжірибесі жеткілікті, ол діни басқарманың аймақтық  құрылымын басқарған. Баршаңыз бірлесіп жемісті еңбек ететіндеріңе сенемін, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ислам халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын атап көрсетті.

- Тәуелсіздігімізбен бірге ата дінімізді қайта оралттық. Діни басқарма 2228 мешіттің басын қосып, мұсылмандарды ұйыстырушы орталыққа айналды. Халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтастыруға ұйтқы болды. Бүгінде қоғам, әсіресе, жастар дінге бет бұруда. Исламды ұстануды модаға айналдырмау керектігі жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Діни басқарма алдында тұрған бірқатар міндеттерге назар аударды және Діни басқарма мен мемлекеттік органдар арасындағы рухани-ағартушылық және әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

- Дін істері агенттігі құрылды. Оның көмегімен діни конфессиялар толғағы жеткен мәселелерді мемлекетпен бірге шешуге тиіс. Агенттіктің өзі діни ахуалға мониторинг жасау жөнінде жұмыс жүргізеді, бірақ бұл ретте мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды. Алайда Конституцияны, заңдарды сақтауда, елдің бірлігін нығайтуда мәселе туындап жатса, онда бұл жерде ешқандай бөлінушілік болмауы керек. Баршаңыз білесіздер, бүгінде әртүрлі діни ағымдар пайда болды. Мешіт қызметшілері түрлі теріс ағымдардың қандай екенін, ал исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе жастармен жұмыс жүргізе білулері керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.         

Мемлекет басшысы шариғат заңдары аясында Діни басқарманың қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар шығарып отыруды қолға алуы қажеттігін атап өтті.

– Еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Бұл өте дұрыс. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық татулық пен толеранттылықты нығайтуға бағытталған. Бізде діни сенім бостандығына Конституция кепілдік береді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа басшылығын өзге діни бірлестіктермен бірлесе отырып, өзара түсіністік, толеранттылық және діни төзімділік дәстүрлерін нығайтуға шақырды. Бұған қоса, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет.

- Діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге де салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс. Өздеріңіз білесіздер, ел халқына таяудағы Жолдауда біз 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын айқындадық. Бұл – кеңестік кезеңнен белгілі жай жоспарлау ғана емес, мемлекет дамуының негізі бағыттарын, нақты мақсаттарға жетудің жолдарын және біздің болашақты қалай көре білетінімізді аңдататын ұзақмерзімді құжат. Бұл орайда, діни қайраткерлер жұртшылыққа еліміздің игілігі үшін одан әрі жұмыс жүргізу қажеттігін ұғындырғаны жөн, - деді Қазақстан Президенті.

Өз сөздерінде Е. Маямеров пен Діни басқарма өкілдері ұлтаралық және дінаралық татулықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ елдегі рухани бірлік пен келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы басшылығына атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдіріп, кездесуге қатысушылардың ел мүддесі жолындағы істеріне табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар