National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Серік Ахметовті қабылдады

2013 жылғы 24 шілде

 

Кездесу барысында Премьер-Министр еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндап, таяу кезеңдегі жоспарлар жөнінде айтып берді.

С.Ахметов Үкіметтің соңғы отырысында еліміздің биылғы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып, екінші жартыжылдыққа бірқатар міндеттер қойылғанына тоқталды.

– Біздің негізгі экспорттық серіктестерімізге дағдарыстың ықпал етуіне қарамастан, жыл қорытындысы бойынша біз жалпы ішкі өнімнің 6 пайызға артуын күтудеміз. Өсім экономиканың іс жүзінде барлық саласында байқалуда, негізгі капиталға инвестиция арттырылуда. Өз кезегінде инфляция деңгейі 2,7 пайызды құрады, бұл ел халқының кірісі артуына оң ықпал етеді, – деді Қазақстан Премьер-Министрі.  

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайындағы экономиканың өсімі жақсы көрсеткіш болып саналатынын және бүгінде оны одан әрі арттыруға қажетті резервтердің бар екенін атап өтті.

– Қаражатты игере алмау себебінен тұрғын үйді салудың және бірқатар инфрақұрылымдық жобалар көрсеткіштерінің төмендеуі орын алып отыр. Осы бағыттағы жұмысты жандандырған жөн. Бұл, тұтастай алғанда, жалпы ішкі өнімнің арта түсуіне едәуір септігін тигізеді. Ел экономикасының өсімі жөніндегі болжам жыл қорытындысы бойынша 6 пайызға толық іске асады деуге негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.      

Қазақстан Президенті екінші жартыжылдықта, әсіресе өңірлерде белсенді жұмысты жалғастыру қажеттігіне назар аударды.

– Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан нысандарды жобалық қуатына жеткізуді қамтамасыз ету маңызды. Өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау саласындағы өсім – жақсы жетістік. Қаржы секторында да дамудың оң қарқыны бар. Қазақстан тауарларының экспорттық тұтынымы төмендеуіне байланысты «Қазақмыс» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сияқты отандық компаниялар бірқатар қиындықтарды бастан кешуде, менің тапсырмам бойынша оларға қажетті қолдау жасалуда. Сонымен бірге, экспорттық әлеуеттің көлемі азайғанына қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығы өндірістің жыл сайынғы көлемін 3,5 млн. тонна мөлшерінде сақтауға уәде берді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиын-терін науқанына дайындықты уақтылы жүргізуді және ауылшаруашылық өнімін өткізудің ішкі нарықтарын кеңейтуді тапсырды.

Кездесу қорытындысында Қазақстан Президенті қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің