Жаңалықтар

22 қазан 2013
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі экономист Джереми Рифкинмен кездесу өткізді

Кездесуде Қазақстанды индустрияландырудың жай-күйі мен келешегі, республикада «жасыл экономиканы» қалыптастыру, сондай-ақ әлемдік қаржы-экономика жүйесінің өзекті жайттары талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық жұртшылықтың бүгінде әлемдегі индустриялық дамудың келесі кезеңіне зор қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

– Қазақстан да осы мәселелермен айналысуда, алайда, еліміздің бастапқы мүмкіндіктері шектеулі. ЭКСПО-2017 көрмесін пайдалана отырып, біз бұл бағытты ілгерілетіп, әлеуетімізді арттырып, дамудың одан арғы стратегиясын белгілеп алу ниетіндеміз. Сіз Үшінші индустриялық революция тұжырымдамасының авторы болып саналасыз. Сондықтан осы идеяның қалай іске асырылып жатқанын, қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген әлем елдерінің пікірін білу біз үшін қызықты, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде, Д.Рифкин кездесу үшін алғысын білдіріп, еліміздің астанасының әлеуетін атап өтті. Ол Қазақстанның елімізде жаңа технологияны ендіруге,  Азия өңірінде және бүкіл әлемде көшбасшы болуына мүмкіндік беретін Үшінші индустриялық революцияның белсенді қатысушысына айналуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, Д.Рифкин Қазақстан бастама ретінде көтерген, әлемде әлдеқайда орнықты «жасыл экономика» қалыптастыруға бағытталған, «Жасыл көпір» серіктестігі бағдарламасына көптеген әлем елдерінің қызығушылық білдіріп отырғанын айтты.

Бұған қоса, әңгімелесу кезінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәселесі және оны өткізу аясында ұсынылатын, Қазақстан іске асыратын идеялар перспективасы сөз болды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар