National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті

2017 жылғы 09 қыркүйек

Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Қанша кездессек те көптік етпейді. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған бұдан бұрынғы сапары кезінде экономика саласына қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

– Қабылданған келісімдер аясында көп жұмыс атқарылуда, көптеген жобалар іске асырылды. Өңірлік сипаттағы проблемалар бізде де, Түркияда да бар. Бүгінгі кездесуіміз сол мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.  

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентіне биылғы 10 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.    

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Түркия Республикасының Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

– Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанды Алматы қаласына барған сапарымда танып-білдім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өз үйімдей көремін, – деді Р.Ердоған.

Түркия Президенті өз елінің Қазақстанмен саяси, экономикалық, мәдени, әскери қатынастарды дамытуға күш салып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар шамасында. Әрине, бұл жеткіліксіз. Біз келіскендей, мақсатымыз – тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Түркия мен Қазақстанның әлеуеті оған жеткілікті,  – деді Түркия Республикасының басшысы.

Сондай-ақ Р.Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше алғысын білдірді.

Түркия Президенті биылғы 14 қыркүйекте Астанада өтетін Сириядағы жағдайға қатысты кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің