Жаңалықтар

14 наурыз 2018
Мемлекет басшысы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Нұрсұлтан Назарбаев бұл сапардың Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Біз Қазақстанға, жас елордамыз – Астанаға келгендеріңіз үшін ризашылық білдіреміз. Бүгінгі кездесуіміздің екіжақты қатынастар жылнамасындағы  маңызы ерекше, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Тәжікстан Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі болып саналатынын айрықша атап өтіп, осы жылдар ішінде екі ел арасында тату көршілік әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын айтты.

– Біз өңірлік және жаһандық деңгейде өзара ықпалдасып келеміз. Арамызда 80-нен астам шарттар мен келісімдерді қамтитын ауқымды құқықтық база қалыптасқан, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бағытталған, бүгін қол қойылатын келісімдердің маңыздылығын атап өтті.

– Қарым-қатынасымыздың 25 жылы – достықтың және бір-бірімізге қолдау көрсетуіміздің тарихы. Бүгін біз негізгі құжатқа қол қоямыз. Бұл – біздің ортақ жұмысымызды қорытындылап, келешектегі басымдықтарымызды айқындайтын бірлескен мәлімдеме, – деді Мемлекет басшысы.

Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары марапат – «Парасат» орденін табыс еткені үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалағанына шынайы ризашылығын білдірді.

– Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас Тәжікстанның сыртқы саясатында жетекші орын алады. Біз оны қарқынды түрде дамытуға ниеттіміз. Тәжікстан халқы да және жеке өзім де халқымыздың басына қиын күн туғанда қолдау білдіріп, экономикалық тұрғыдан көмек көрсеткендеріңізді ешқашан ұмытпаймыз, – деді Тәжікстан Республикасының Президенті.

Соңында Э.Рахмон сенімді саяси платформа мен мықты құқықтық базаға негізделген екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар