National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған халықаралық конференцияға қатысушылармен кездесті

2018 жылғы 29 тамыз

Мемлекет басшысы Қазақстанға келіп, Конституция күнін бірге мерекелегені үшін жиынға қатысушыларға ризашылық білдірді, сондай-ақ көптеген халықаралық сарапшылар қатысқан бұл конференция құқықтық мемлекет құру жөнінде ілім-білім алмасуға зор мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Біз конституциялық құрылым ісіндегі ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Құнды кеңестер мен ұсынымдар үшін ризашылық білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстандағы конституционализмнің даму тарихына тоқталды.

– 1995 жылғы көктемде бір топ заңгер ғалымдармен бірлесіп, бізге қандай конституция қабылдау қажеттігін талқыладық. Мен өзім еліміз үшін қолайлы ережелерді іздестіру мақсатымен Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім. Себебі, біз басқа мемлекеттің конституциясын сол күйінде көшіріп ала алмаймыз. Осылайша, 1995 жылғы тамызда жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың басым көпшілігі қолдаған конституцияны қабылдадық. Бұл құжат бүгінде біздің өмірімізге арқау болып, мемлекетімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайтып отырған негізгі заңға айналды. Конституциямыз уақыт талабына сай үнемі реформаланып, жетілдірілуде. Мәселен, өткен жылдың басында мен Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке олардың дербестігін әрі жауапкершілік аясын кеңейте отырып қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаға бастамашы болдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Негізгі заңның жоғары заңдық күшін қамтамасыз ету барысында құқық үстемдігін орнықтыру саясатын мақсатты түрде жүргізіп отырғанына тоқталып, еліміздің әлемдік аренадағы жетістіктері оның халықаралық беделін және Конституциямызда белгіленген бейбітсүйгіш сыртқы саяси қағидаттарымыздың тиімділігін көрсететінін атап өтті.

– Қазақстанның жетістіктері халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғаны айдан анық. Біз ширек ғасыр ішінде экономикамызды 22 есе өсіріп, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарттық. Жұртшылық өздерінің діни салтын еркін ұстанып, өз ана тілінде сөйлей алатын, сондай-ақ мәдениетін сақтайтын көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет құрдық. Биыл Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі соның дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, Конституция күнін мерекелеу түрлі институттар арасындағы қатынастарды реттеудің берік негізі әрі құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың кепілі саналатын ең маңызды құжаттың мәні зор екенін айғақтайтынын атап өтті.

– Конституция күнін мерекелеу азаматтардың, соның ішінде жастардың арасында конституциялық құндылықтарды дәріптеп, таратуға бағытталған тәрбиелік сипаттағы өркениет белгісі саналады. Сондай-ақ, қоғамдық үйлесімділікті, тыныштық пен тұрақтылықты жүзеге асыру жолындағы ұмтылыстың бағыты дұрыс екенін көрсетеді, – деді  Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы М.Меделчи.

Соңында Мемлекет басшысы конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету ісіндегі негізгі рөл құқық үстемдігін сақтауды көздейтін конституциялық әділет органдарына тиесілі екенін айтты. 

Жиынға Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қ.Мәми, Әзербайжан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Ф.Абдуллаев,  Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы М.Меделчи, Армения Конституциялық сотының төрағасы Г.Товмасян, Болгария Конституциялық сотының төрағасы Б.Велчев, Латвия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы И.Зиемеле, Конституциялық әділ сот жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас хатшысы Ш.Дюрр, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Ж.Бәйішев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ә.Рақышева қатысты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің