Жаңалықтар

12 ақпан 2014
Премьер-Министр Серік Ахметовпен және Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетовпен кездесу

Қазақстан валютасының бағамына өзгеріс енгізу туралы шешім қарапайым азаматтарға жағымсыз әсерін тигізбеуге тиіс. Енді бағаның жасанды түрде көтерілмеуін қадағалап, валюта айырбастау пункттеріндегі алыпсатарлықтың жолын кесу ерекше маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

 

– Қазақстан валютасының бағамына өзгеріс енгізу туралы шешім қарапайым азаматтарға жағымсыз әсерін тигізбеуге тиіс. Енді бағаның жасанды түрде көтерілмеуін қадағалап, валюта айырбастау пункттеріндегі алыпсатарлықтың жолын кесу ерекше маңызды. Барлық деңгейдегі әкімдер осыны бақылап, ал тиісті мемлекеттік органдар ұдайы мониторинг жүргізуге және қалыптасқан экономикалық жағдайда алыпсатарлықпен айналысқандарға қатысты лицензиясынан айыруға дейінгі ең қатаң шараларды қабылдауға тиіс. Қазіргі уақытта ұлттық валюта бағамының шегі белгіленген деңгейде болып, экономикамыздың игілігіне қызмет етуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлттық Банк төрағасы алты ай бойы әлемдік экономика ахуалына және теңгенің өзге елдердің валюталарына қатынасын талдау жөнінде жұмыс жүргізілгенін атап өтті.  

– 2009 жылы ақпанда қол жеткізілген әлеуетіміздің арқасында экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі артты. Біз жақсы нәтижелерге жеттік, бірақ 2012 –2013 жылдары әлеуетіміз біртіндеп азайды, өйткені өзге дамушы елдердің валюталары Америка долларына қатынасы жөнінен әлсіреді. Бүгінде көптеген инвесторлар дамушы нарықтардан кетіп жатыр. Шетелдік капитал дамыған нарықтарға ауысуда. Біз Түркия, Бразилия, Ресей елдеріндегі ахуалдың үлкен өзгеріске түскенін көріп отырмыз. Жалпы, бұл – биылғы үрдіс. Сонымен қатар Ресей рубліне қатысты да айқын емес тұстар бар. Орталық банк рубльдің еркін қозғалысын білдіретін инфляциялық шектеуге көшкенін жариялағандықтан, біз ресейлік валютаның бағамы бір долларға шаққанда 35 рубльге жеткенін көріп отырмыз. Бұл тұстағы жағдай әлі де толық айқын емес, – деді Қ.Келімбетов.

Сондай-ақ, Ұлттық Банк төрағасы төлем балансындағы өзгерістерді атап көрсетті. 2013 жылы ағымдағы есеп-шот сальдосы оң деңгейде болғанымен, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт есеге төмендеген.

– Бізде импорт экспорттан жылдам өсуде. Импорттың мұндай тез өсу қарқынын болдырмау үшін, бір долларға шаққанда 145-155 көлемінде болған теңгенің бұрынғы шегі өзін-өзі сарқығандықтан, біздің тарапымыздан валюта бағамына түзетулер енгізілді. Бүгінде біз бағамның 20%-ға өзгеруі және долларға шаққандағы теңгенің көрсеткіші 3 теңге төңірегіндегі ауытқумен 185 болуына қол жеткізу – таяу ортамерзімді перспективада Қазақстан экономикасына қажетті, теңбе-тең және бәсекеге қабілетті валюта бағамы деп санаймыз. Сондықтан Ұлттық Банк басқармасы тиісті шешім қабылдады, біз оны дер кезінде жасалды деп есептейміз. Бұрынғы бағамды ұстап тұру үшін біз маусым-тамызда ұлттық резервтен 2,7 млрд. доллар, ал қаңтарда – 2,2 млрд. доллар саттық. Мұндай бағытта жағдайдың бақылаудан шығып кетуі мүмкін еді. Қазіргі уақытта бағамның өзгеруіне қатысты түрліше баға берілуде. Көпшілігі бағам 20%-ға өзгерді, демек барлық тауардың бағасы да екі-үш есе өсуі тиіс деп ойлайды. Сол себепті кеше Үкіметпен және облыстар әкімдерімен бірлескен отырыс өткіздік, онда біздің алдымызға ең басты міндет – инфляция деңгейін 6-8% шегінде қамтамасыз ету талабы қойылды. Бұл орындалатын міндет деп ойлаймын. Мысалы, 2009 жылы инфляция деңгейі 6-7%-дан асқан жоқ. Бұл үшін бізде оны ұстап тұрудың барлық амалы бар, – деді Ұлттық Банк төрағасы.    

Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет пен сарапшылық қауымдастықтың 2014 жылы Қазақстанда ғана емес, Ресей, Қытай және өзге де дамушы мемлекеттердің экономикалық ахуалында бірқатар айқын емес тұстар болғанын сезінетінін атап өтті.

– Қазір әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалды ескере отырып, Ұлттық банк жүргізген девальвация қажетті шара болды деп есептейміз. Бұл еліміздің экономикасының макроэкономикалық көрсеткіштерін кейбір бағыттар бойынша жақсартуға мүмкіндік береді. Сөз жоқ, экономика өсімі биыл да жалғасады. Инфляция жоспарланған шекте болып, ортамерзімді кезеңде 6-8 пайызды құрайды. Бұл үшжылдық бюджетте де солай көрсетілген, – деді С. Ахметов.

 Премьер-министр сауда нүктелерін тауарлық өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету, айырбас пункттері, жанар-жағармай құю стансалары және  базарлармен қоса барлық бағыттар бойынша күнделікті мониторинг жүргізу мәселелері жөнінде үлкен кеңес өткізілгенін хабарлады. Оған қоса тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану ұсынылды.

Үкімет басшысы бүгінде мұнай өнімдерінің әлеуметтік маңызды түрлері – АИ-92, АИ-80 бензині мен дизель отыны бағасын 30-45 күн бойы көтермей сатуға қажетті жанар-жағармай елдің қоймаларында жеткілікті екенін де айтты. Соған байланысты С. Ахметов аталған жанар-жағармай түрлерінің бағасын көтеруге еш себеп жоқ деген пікірін білдірді.

С. Ахметов тұрғындардың айрықша мұқтаж санаттарын «әлеуметтік нанмен» қамтамасыз етуге қажетті барлық ресурстар бар екенін айтты.

– Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 35 түріне қатысты келесі аптада шешім қабылданып, баға мәнінің минималдық шегі белгіленеді. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті жерлерде әкімдер осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді Премьер-Министр.

Соңында Мемлекет басшысы алаңдауға негіз жоқ екенін қазақстандықтарға түсіндіру қажеттігін айтты.

– Бұл – әрқайсысында 10-40 мың адам жұмыс істейтін біздің кәсіпорындардың экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған таза қаржылық шара. Экономикамыз қосымша табыс көреді, бұл оның әрі қарайғы өсіміне жалпы оң әсерін тигізеді. Бұл шешім осы мақсатпен қабылданды. Сондықтан, ешқандай дүрлігуге жол бермей, алыпсатарлықтың алдын дер кезінде кесу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар