Жаңалықтар

11 шілде 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лале Үлкерді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

 

Кездесуде Мемлекеттік хатшы туыстас екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудағы атқарған жемісті қызметі үшін  Елші Үлкер ханымға ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы сан салалы қарым-қатынастың қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған сәтінен бастап орныққанын, бұл орайда екі мемлекет арасындағы терең тамырлы қарым-қатынастың негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салғанын және достық байланыстардың күн өткен сайын дамып, жоғары дәрежеде жүзеге асып келе жатқанын жан-жақты атап өтті. Түркияның Премьер-министрі, қазақ халқының байырғы досы Режеп Тайып Ердоғанның 2012 жылғы мамыр айындағы Қазақстанға келген ресми сапары барысында екі мемлекет арасында қол қойылған екіжақты маңызды құжаттардың жаңа қатынастарға жарқын серпін беретіні атап айтылды.

Елші Лале Үлкер Қазақстанда болған уақытын өз өмірінің тамаша сәттері деп бағалап, алда да қазақ еліне әрқашан сәттілік пен табыстар, жақсылықтар тілеп жүретінін жеткізді. Тараптар екі мемлекет арасындағы соңғы жылдардағы байланыстарды қанағаттанған сезіммен атап өтті. Тауар айналысы айтарлықтай өсті. Өткен жылы тауар айналымының көрсеткіші 2012 жылғы қаңтар-наурыз айларының өзінде 1,072 млрд. долларға жеткенін және бұл көрсеткіштің ай сайын өсіп келе жатқаны атап өтілді.  Экономика, мәдениет, ғылым және білім саласындағы байланыстар нәтижесі көңіл қуантарлық. Аз уақытта әлемдік қауымдастыққа танылған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы қызметінің тиімділігі жоғары деңгейде жүруде.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Түркия Республикасының қазақстандық бастаманы қолдап, екі ел арасындағы «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойылуының маңызы өте үлкен екендігін атап өтіп, сонымен қатар, екі ел арасындағы ғылыми-техникалық әріптестіктің де келешегін жоғары бағалады.

Түркия Республикасының Елшісі Лале Үлкер ханым жылы қабылдауы үшін Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедке ризашылығын білдіріп, Қазақстанмен арадағы әріптестіктің одан әрі дамуына деген терең сенімін жеткізді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар