Жаңалықтар

4 мамыр 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Отырыс барысында өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ осы бағдарламаның екінші бесжылдығына дайындық мәселесі талқыланды.

Отырыс барысында өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ осы бағдарламаның екінші бесжылдығына дайындық мәселесі талқыланды.

Қазақстан Президенті батыс елдеріндегі экономикалық дағдарыс біздің еліміздің экономикасының дамуына да әсер ететінін атап өтті.

- Тау-кен, металлургия, химия салаларындағы өнімдерге бағаның төмендеуіне байланысты бюджетке түсімдер азайды және үкіметке оны қайта қарауға тура келеді. Бұған қоса, соның алдында болашақтағы дағдарыстарға қарсы әрекет ету бағдарламасы әзірленді. Бүгінде олардың қазіргі жағдайда қаншалықты өзекті екеніне талдау жасау қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев үш жарым жылдан бері индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылып жатқанын атап өтті.

- Жаңа кәсіпорындар іске қосылды, қалған бөлігі қосымша биыл пайдалануға берілетін болады. Бағдарламада көзделген барлық индикаторға қол жеткізуге тиіспіз. Бүгінде индустриялық-инновациялық дамуды қаржыландыруда шешімін табуды қажет ететін проблемалар бар. Еуропа елдері мен өзге мемлекеттер бастан кешіп отырған қиындықтар Қазақстанға да әсер етуде. Қазір біз экономикамыздың өсу қарқынының төмендеуіне және елімізде жұмыссыздықтың артуына жол бермеуге тиіспіз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жұмыс орындары санының мейлінше көбін қызмет көрсету, соның ішінде туризмді дамыту саласы қамтамасыз ететінін және бұл бағыттарға айрықша көңіл бөлінуге тиіс екенін атап өтті.

- Әлемдік рецессия жағдайында бізде іске асыру көзделген ірі құрылыс нысандарына бөлінетін қаржыны қысқарту қажеттігі туындауы мүмкін. Бұл өте күрделі мәселе. Үкімет экономиканың өсуіне және халықты жұмыспен қамту деңгейіне қолдау көрсету жолдарына нақты талдау жасауы қажет. Барлық өңір, барлық министрлік осымен айналысуға тиіс. Бұл мәселелерді шешу үшін бізде мүмкіндіктер, ресурстар және тиісті мекемелер бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.                 

Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын әзірлеу кезінде айқын көзқарастың болуы маңызды екенін де атап өтті. 

Кеңес барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің баяндамасы тыңдалды.

Нұрсұлтан Назарбаев отырысты қорытындылай келе, Үкіметке қолданыстағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қолда бар қаржы көздері есебінен оны қаржыландыру моделін анықтай отырып түзетулер енгізу және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, елімізге қосымша инвестиция тарту тетіктерін пысықтау және ішкі қаржы көздерін жандандыру тапсырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар