Жаңалықтар

30 қаңтар 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының басшылық құрамымен кеңес өткізді

Қазақстан Президенті қатысушылар алдында өткен аптада Үкімет мүшелерімен кеңес барысында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың бастапқы кезеңінің бірінші кезектегі шаралары анықталғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті қатысушылар алдында өткен аптада Үкімет мүшелерімен кеңес барысында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың бастапқы кезеңінің бірінші кезектегі шаралары анықталғанын атап өтті.

- Тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік – жаңа саяси бағытты іске асырудың негізгі шарты. Оның басымдылығын тексеріп жату артық. Бүгін біз үшін құқық қорғау жүйесінің кешенді реформаларының аралық қорытындыларын шығару маңызды. Жетістіктерге сыни тұрғыдан баға беріп, проблемаларды айқындап, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту жолдарын белгілеу қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Бас прокурор А.Дауылбаевтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіпбековтің және Жоғарғы Сот төрағасы Б.Бекназаровтың баяндамалары тыңдалды. Мемлекеттік органдардың басшылары атқарған жұмыстары туралы есеп берді және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында құқық қорғау реформасын тереңдете түсу жөніндегі көзқарастарынан хабардар етті.

Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, соттарды, прокуратураны, әділет және ішкі істер органдарын, қаржы полициясы мен арнаулы қызметтерді жаңғырту халықтың құқықтық санасының деңгейін арттырумен бір мезгілде шешілетінін атап өтті. Барлық құқық қорғау органдарының функциясын, құрылымы мен санын оңтайландыру жүргізілді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының 100 мыңнан астам қызметкерін ауқымды қайта аттестаттау аяқталды. Сонымен қатар, қайта аттестаттаудан кейін бұл сала қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік пакетін арттыру туралы мәселе шешімін тапты, құқықтық базаны жетілдіру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Сот жүйесінде сапалы өзгерістер болуда.

Мемлекет басшысы құқық тәртібін сақтайтын барлық органдарға жұмыстың әрбір бағыты бойынша ауқымды міндеттерді анықтап, бір ай ішінде кеңейтілген алқа өткізіп, онда ұлттық қауіпсіздіктің бейіндік саласын жаңғыртудың нақты жоспарын бекіту жөнінде тапсырма берді.

Кеңес барысында Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық істер жөніндегі сот өндірісін реформалаудың маңыздылығын атап өтті. Негізгі міндеттердің бірі – сот жүйесі мен құқық қорғау органдары қызметінің мүлде жаңа құқықтық кеңістігін қалыптастыру. «Қазақстан-2050» Стратегиясында биыл Парламентке төрт жаңа базалық кодексті – Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу міндеті қойылған. Оларда сот өндірісінің жаңа конфигурациясын, құқық қорғау жүйесінің азаматтар құқықтары мен мүдделеріне тікелей қатысты барлық тармағының өкілеттігі мен құрылымын анықтаған жөн.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қоғамда тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілікті қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысқа Әділет министрлігі, «Нұр Отан» ХДП аппараты мен оның Мәжілістегі фракциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі өз бағыттары бойынша қатысуы қажет.

Қазақстан Президенті жаһандық және өңірлік ахуалдың трендтерін ескере отырып, Қазақстанның сыртқы шебін қорғау жөніндегі кешенді шаралар қабылдау керек екеніне тоқталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін нығайту және реформалау маңыздылығы атап өтілді. Талдаулар негізіне сүйеніп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орнықтырудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, ұсыну қажет.

Аса маңызды міндеттердің бірі – кеден органдары қызметінің тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысы экспорттық-импорттық операцияларды электронды декларациялауға көшудің және біріктірілген кеден тарифтері жүйесін, «web-портал мен кеден органдары шлюзін» енгізудің  маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты жүктердің жеткізілуін қадағалап отыру мен бақылау жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы сын-қатерлерді ескере келе, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштердің рөлін күшейту маңызды екеніне де тоқталды. Қорғаныс министрлігіне Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне қарсы күреске пайдалануға болатын Қарулы Күштердің барлық мүмкіндіктерін тағы да талдаудан өткізу тапсырылды. 

Мемлекет басшысы таяу арада терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы күресті елеулі түрде күшейту қажеттігін атап өтті.

– Менің тапсырмам бойынша қазір Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Оны тек діни экстремизм мен терроризммен байланысты қауіпке ғана бағыттау дұрыс болмас деп санаймын. Ол бес-алты жылға есептелген барынша кең қолданылатын құжат болуға тиіс. Терроризмге қарсы күрестің тиімділігінің басты өлшемі – террорлық оқиғаның мүлде болмауы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы болып саналатынын атап өтті. атап өтті. Оның міндетінің бірі – жемқорлыққа қарсы заңдарды одан әрі жетілдіру. Қаржы және салық саласындағы бірқатар қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылту процесін аяқтау керек. Жемқорлықтың мейлінше қауіпті ұйымдасқан түрлеріне анықтау жөніндегі жүйелі жұмысты жолға қойған жөн.

Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы өңірлік және салалық деңгейдегі іс-әрекеттердің мақсатқа сай және жүйелі болу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жан-жақты қызметін ұсынатын «бір терезе» принципі бойынша әрекет ететін сервистік орталықтар құру жұмыстарын жалғастыру керек.  Құқық қорғау орындарының ашықтығын арттыра түсіп, олардың азаматтармен бірлескен жұмысының түрлі формаларын дамыту керек. Барлық құқық қорғау органдары жанында қоғамдық кеңестер толық күшінде жұмыс жүргізуі керек.

Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау орындарының принципті жаңа ғылыми тәсілдерге және кадрлық процестерді басқарудың инновациялық технологияларына негізделген жаңа кадр саясатының маңыздылығын атап өтті. 

Кадр саясатының тұжырымдамасы кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің, күштік құрылымдардағы ведомстволық білім беруді әлемдік үздік стандарттарға сәйкестендірудің жаңа жүйесін, Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау органдарының кадр саясаты жөніндегі комиссия  құруды, аттестаттау жүйесін жетілдіру және оның жыл сайын өткізілуін ескеруі қажет. Бұдан бөлек, ол қызметкерлер саны нормативтерінің нақты функциялар мен жүктемелерге байланысты ғылыми негізделген әзірлемесін, құқық қорғау құрылымдарына санат немесе разрядты енгізуді, техникалық жарақтандырылуын нығайтуды және құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын қамтуы тиіс.

Мемлекет басшысы кеңесті қорытындылай келе, заңдылықты нығайту және құқықтық тәртіп саласындағы нақты міндеттердің айқындалғанын атап өтті.

- Бұл міндеттерді іске асыру үшін  құқық қорғау органдарының ресурстары мен тәжірибесі жеткілікті. Менің әрбір тапсырмамды қойылған міндеттердің стратегиялық маңыздылығына сәйкес орындау қатаң талап етіледі, - деді Қазақстан Президенті.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар