Жаңалықтар

24 қаңтар 2017
Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев отырыста мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті.

– Мен ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әуел бастан Қазақстан Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды.

– Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігін атап өтті.

– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады. Осылайша, көптеген мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформалар мен олардың сәтті іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мәселесіне арнайы тоқталды.

Жұмыс тобының жетекшісі Елбасыға мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзірленген ұсыныстар туралы баяндады.

Алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірленді.

Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет басшысының заңмен белгіленген өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар. Бұған қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жүйеленді. Жалпы, ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатысты. Олар –  экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты өкілеттіктер. 

Екінші. Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды.

Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселеде депутаттық корпус, ғылыми-сарапшылық қауым белсенділік танытты. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты. Сонымен қатар Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды.

Бұған қоса, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Сот-құқық саласын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстардың да бір бөлігі Конституцияны өзгерту мәселесімен байланысты. Атап айтқанда, ол Жоғарғы Соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау мүмкіндігіне және судьяларға қойылатын талаптарды анықтауға қатысты. Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді.

Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен  белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр.

Сондай-ақ, Конституция нормаларына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұстанымдар әзірленіп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.

Жұмыс тобының мүшесі З.Федотова ұсынылған түзетулердің сындарлы сипатына тоқталды.

– Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – Үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмысына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағдайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз, – деді Мемлекеттік басқару академиясының профессоры.

Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшесі М.Бекетаев Президенттің өкілеттігі бекітілген нормаларды анықтау жөніндегі Үкімет жүргізген талдауды жариялады.

– 11 конституциялық заңға, 20 кодекс пен 298 заңға талдау жасалды. 11 кодекс пен 80 заңда Президенттің өкілеттігін белгілейтін нормалар қарастырылған. Үкімет жұмыс тобымен бірлесіп, Мемлекет басшысының өкілеттігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, басқа заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді, – деді Әділет министрі.

Сондай-ақ, «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы жүргізілген талдаудың негізінде барлық филиалдарда талқылаулар өтіп жатқанын айтты.

– Заңгерлер қауымы жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігі мен дер кезінде жасалып жатқанын айтып, оған қолдау білдіруде, – деді Р.Мұқашев.

Сонымен бірге отырыста жұмыс тобының басқа да мүшелері сөз сөйледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар