Жаңалықтар

11 маусым 2012
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова есеп берді.

«Қазақстанда 2011 жылы әйелдер белсенділігі арта түскені байқалып отыр.  Оған бұл саладағы жетістіктеріміздің халықаралық деңгейде танылуы негіз болған. Биылғы жылдың сәуір айында Social Watch Халықаралық ұйымы әйелдер белсенділігінің индексін есептеп шығарып, Қазақстанның былтырғы деңгейінен тағы  8 саты көтерілгенін жариялады. Бүгінгі таңда еліміз әлемнің 156 елінің ішінде 33-ші орынды иеленіп отыр», - деп жазады Г. Әбдіқалықова.

Одан әрі есепте былай деп атап көрсетілген: «Мұндай табысқа Елбасы басшылығымен ана мен баланы қорғау, отбасылық-демографиялық саясатты қолдау бойынша жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстардың арқасында қол жеткізілді. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстан әйелдерінің съезінде саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер өкілдігін 30 пайыздан кем емес деңгейге жоғарылату туралы Президент тапсырмасына орай арнайы Іс-қимыл жоспарының қабылдануы ықпал еткені анық

Ең алдымен, экономика саласындағы белсенділік арта түстіБұл ретте Мемлекет басшысының әйелдердің V форумында берген тапсырмасына орай әзірленген Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде 2009-2015 жылдарға арналған бағдарлама негізінде әйел кәсіпкерлерді қолдау шараларының аясы жылдан-жылға кеңейіп көбейіп келеді.

2012 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 743 әйелге 3 676 млн. теңге заем беріліп, 194 жұмыс орны ашылды. «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша 43 752 тыңдаушы курстан өтті, оның 62 пайызы – әйелдер. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алушылардың 40 пайызын әйелдер құрап отыр.

Ұлттық комиссияның отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру  мәселесі қаралып, еңбек нарығындағы әйел кәсіпкерлер үлесін арттыру жөнінде тиісті ұсынымдар жасалды. Барлық аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігінің тұрақты өсуі байқалады. Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Қанатты әйел-4» жәрмеңкесі соның айқын айғағы болды.

Астанада VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы аясында әйелдер кәсіпкерлігі бойынша жиын өткізілді. «Қоғамды әлеуметтік модернизациялаудың гендерлік аспектілері» атты халықаралық конференция,  V Астана экономикалық форумы аясында Іскер әйелдердің Орталық Азиялық І конгресі болып өтті.

Екіншіден, әйелдер құқықтары қамтамасыз етілуде. Бұл мақсатта «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» конвенцияның іске асырылуы бойынша ұлттық баяндаманың жобасы әзірленді. Ол Ұлттық комиссияда,  Парламентте талқыланып, Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсынылды. Алдағы уақытта жобаны арнайы кестеге сәйкес, Біріккен Ұлттар Ұйымында қорғау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Үшіншіден, елдің қоғамдық-саяси  өміріне әйелдердің белсене қатысуына қол жеткізумақсатында мемлекеттік қызмет кадрларының мониторингі әзірленді. Саяси лауазымдарға өсіруге арналған үміткерлердің ведомстволық тізімі жасалуда. Әйелдерді партиялық тізімге енгізу туралы ұсынымдар барлық партияларға жіберілді.

Президенттің қолдауының арқасында, биыл өткен сайлауда Парламент Мәжілісі депутаттарының ішінде әйелдер саны алғаш рет 24 пайызға жетті. Мәслихаттарда әйелдер үлесі Қостанай (31%), Ақтөбе (28%), Павлодар (23%) облыстарында жоғары болды.

Ұлттық комиссияның жанында Әйелдер көшбасшылығы мектептерінің республикалық желісі жұмыс істеуде, саясаткер әйелдердің 11 өңірлік клубы ашылды. Бұл ұйымдар отбасын, ана мен баланы қорғау, әйелдердің саяси деңгейін арттыру істеріне үлес қосуда. «Қазақстан Республикасында әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жағдайындағы әйелдер көшбасшылығы» атты халықаралық конференция, бірнеше дөңгелек үстел өткізілді.

Төртіншіден, құқықтық ағарту ісі барлық салаларда жүзеге асуда. Білім беру ұйымдарында арнайы тақырыптық курстар, мемлекеттік органдарда семинарлар өткізілді. Жоғары оқу орнының оқыту бағдарламасына мемлекеттік саясаттың барлық саласын қамтитын пәндер қосылды. Ана мен баланы қорғау, әйелдерді ілгерілету, отбасылық-демографиялық саясатты насихаттау бағытында 485 материал, соның ішінде Ұлттық комиссия мүшелерінің 23 мақаласы жарияланып, 191 сюжет эфирге шықты. Ұлттық комиссияның сайтында 346 материал орналастырылды.   Осы бағытта жұмыс істейтін баспасөз қызметкерлеріне арналған оқыту семинар-тренингі өткізілді.

Бесіншіден, әйелдерге қатысты, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алубағытында халықаралық ұйымдар өткізетін «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жол бермейміз!», «STOP ТРАФИК»,  «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акцияларына атсалыстық. Жезөкшелік, зорлық-зомбылық және адам саудасы, дағдарыстық орталықтар жұмысы мәселелеріне арналған жобалар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру тақырыбына халықаралық конференция өткіздік. Бұл тақырыптарда бұқаралық ақпарат құралдарында 537 жарияланым жарық көрді.  Құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер жинағы шығарылды.

Алтыншыдан, қоғамдық өмірге үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына көңіл бөлінді.Бұл мақсатта салалық министрліктерде әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін тақырыптық  лоттар қарастырылды. Ұлттық комиссия мүшелері, Хатшылық қызметкерлері қоғам өміріне қатысты мәселелер қаралатын іс-шараларға ұдайы  қатысып, халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысып келеді. Нәтижесінде қоғамдық санада ана мен балаға, әйелдер ісіне қатысты саясат – халықтың өсіміне, экономикалық және әлеуметтік игілікке бастайтын саясаттың құрамдас бөлігі екендігі туралы ұғым қалыптасты.

Жетіншіден, отбасын нығайту, ата-ана тәрбиесінің рөлін арттыруісі алға басты. Отбасы құндылықтарын, өнегелі әкелерді ұлықтайтын іс-шаралар, «Қазақ аруы», «Сезон» журналымен бірлесіп, тұрмыстағы әйелдердің беделін арттыруға бағытталған «Қазақстан ханымы» байқауы ұйымдастырылды. «Берік отбасы – мемлекеттіктің негізі» тақырыбында республикалық конференция, Тараз, Петропавл, Ақтау және Көкшетауда өңірлік семинарлар, Оралда «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған ғылыми-практикалық конференция, Қызылордада жастарға рухани, отансүйгіштік тәрбие беруге арналған жиын өткізілді. Отбасы мерейін өсіру мақсатында телевизиялық хабарлар ұйымдастырылды.

Әкелердің мәртебесін арттыру мақсатында 2010 жылы бастау алған әкелер слеті биыл жалғасын тауып, бүкіл елді қамтыған ауқымды іс-шараға айналды. Өңірлерде «Ең үздік әке», «Өнегелі әке» байқаулары өткізіліп, Астанада «Әкелер аллеясы» ашылды.

Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауын, «Анаға тағзым күнін» ұйымдастыру қолға алынып, атқарылатын шаралар пысықталуда. Осы орайда, әкелер беделін арттыру үшін алдағы уақытта, «Мерейлі отбасы» байқауы аясында ең өнегелі әкелермен кездесу ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл барлық әкелердің мерейін өсірері сөзсіз».


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар