Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 маусым 2016
Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Өзбекстан Республикасы, Ташкент қ.

Қазақстан Президенті отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде мемлекеттер басшылары кеңесінің бүгінгі басқосуының Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихындағы маңызды даталар тұрғысынан зор мәні бар екенін атап өтті.

– Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан көшбасшыларының 20 жыл бұрынғы кездесуі көптарапты өңірлік жаңа диалогты бастап берді. 2001 жылы ШЫҰ-ны құру туралы декларацияны қабылдау ХХI ғасырдағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздеу барысындағы сындарлы стратегиялық қадам болды, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы барлық қатысушылар мен қонақтарды ШЫҰ-ның 15 жылдығымен құттықтап, ұйымның мерейтойлық саммиті жаһандық сын-қатерлер мен қауіптің көбейген кезінде өтіп жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде 2016-2018 жылдарға арналған «үш зұлмат қатерімен» күрес жолында ынтымақтасу бағдарламасын тиімді іске асыру ШЫҰ-ның қазіргі сын-қатерлерге лайықты жауабы бола алатынын айтты.

– Біз ШЫҰ-ның халықаралық терроризмге бірлесе қарсы тұру туралы мәлімдемесін әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз. ШЫҰ-ның экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясын әзірлеу және қабылдауды өзекті қадам деп білеміз. Діни экстремизмді бейбітшіл исламмен және басқа да діндермен шатастырмау қажет. Биылғы мамырда Қазақстан Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Дін бейбітшілік үшін» деген тақырыптағы жоғары деңгейлі диалогқа бастамашылық жасап, Астанада «Дін терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2022 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы күрес стратегиясының және оның іс-қимыл бағдарламасының қабылдануына қолдау білдірді.

– ШЫҰ мен Орта Азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының «Есірткіге бірлесе қарсы тұрамыз» атты бірлескен профилактикалық акциясын өткізуді ұсынамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның кіруі ұйым дамуының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің, оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі артта түскендігінің көрсеткіші екенін атап өтті.

– Болашақта ШЫҰ қатарына Иранның қабылдану ықтималдығы біздің өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріміздің аясын кеңейтеді. Елдердің жаңадан мүшелікке кіретінін ескерсек, ШЫҰ Еуразияның 60 пайыздан астам аумағын, жер шары тұрғындарының 45 пайызын, әлемдегі 19 пайыздан астам ішкі жалпы өнімді қамтиды. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана мен Бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру бастамасын көтерген едім. Мұндағы негізгі элемент – Еуразияның тораптық орталықтарын Жібек жолының тарихи бағдарларын қайта жаңғырту арқылы инфрақұрылымдық тұрғыдан тоғыстыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Қазақстан Президенті бірқатар бағыттар бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруды, оның ішінде ЕАЭО және Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белбеуі» жобасын ұштастыруды ұсынды.

– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзит-көлік хабын құруды ұсынамын. Қазақстан өз тарапынан «Жібек жолының экономикалық белбеуін» үйлесімді түрде толықтыратын «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісті. Біз құрған «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді түрде пайдаланатын кез келді деп санаймыз. Ол тәуелсіз құқықтық жүйе мен жеңілдетілген салық режімі бар өңірлік қаржылық-инвестициялық хаб болуға тиіс. Өңірдің макроэкономикалық дамуын жеделдету үшін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Сауда-экономикалық және қаржылық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту болашақта ШЫҰ аясында Еркін сауда аймағын құру үшін қажетті жағдай қалыптастырады, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысушыларды Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ШЫҰ ынтымақтастығының тұжырымдамасы жобасын және іс-қимыл жоспарын әзірлеу бағытында күш-жігерді еселей түсуге шақырды.

– ХХI ғасырдағы жаһандық тренд «жасыл» экономиканы дамыту болып отыр. Бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға келесі жылдың жазында Астанада «Болашақтың энергиясы» атауымен өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қуатты серпін беретін болады.  Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қатысушылар мен саммит қонақтарын Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңірлік және халықаралық мәселелерге тоқтала келіп, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтары сақталып отырғанын айтты.

– Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдаудың зор маңызы бар. Кабулдың жалпыұлттық диалогты реттеу және саяси реформалар жүргізу жөніндегі шараларын құптаймыз. Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қатысушы ел ретінде КХДР-ның ядролық бағдарламасы жөніндегі алты тараптық келіссөзді жаңғыртуды жақтайды. Жалпы, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі  лауазымына сайланған жағдайда, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуге ниетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету сынды жоғары миссияны Қазақстанның зор жауапкершілікпен қабылдайтынын атап өтті.

– Біз осы жылдары өзбек тарапы жүргізген орасан ауқымды жұмысты жалғастырып, ШЫҰ-ны дамыту мен нығайту, сондай-ақ оның әлемдегі рөлі мен беделін арттыру ісіне өз үлесімізді қосу ниетіндеміз. Қазақстан төрағалығының басымдығы бар бағыттары – өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзит-көлік әлеуетін іске асыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды ілгерілету. Астанада 2017 жылғы 8-9 маусымда өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті қорытынды іс-шара болады, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған барлық мемлекеттер басшыларын, қатысушылар мен қонақтарды келесі жылы Қазақстанға шақырды.

***

Отырыс қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– ШЫҰ-ның 15 жылдығының Ташкент декларациясы;

– ШЫҰ-ны 2050 жылға дейінгі дамыту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған іс-әрекет жоспарын бекіту туралы ШЫҰ МБК шешімі;

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы Үндістан Республикасының міндеттемелері туралы меморандумға қою жөніндегі ШЫҰ МБК шешімі;

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы Пәкістан Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандумға қою жөніндегі ШЫҰ МБК шешімі;

– ШЫҰ-ның 2015 жылғы шілдеден 2016 жылғы маусымға дейінгі кезеңдегі жұмысы туралы ұйымның Бас хатшысының баяндамасын бекіту жөніндегі ШЫҰ МБК шешімі;

– ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы кеңесінің (ӨАҚК)  2015 жылғы жұмысы туралы ӨАҚК баяндамасын бекіту жөніндегі ШЫҰ МБК шешімі;

– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер кеңесінің отырысын өткізу мерзімдері туралы ШЫҰ МБК шешімі;

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы Үндістан Республикасының міндеттемелері туралы меморандум;

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы  Пәкістан Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандум;

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің туризм саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бағдарлама.

Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы туралы ақпараттық хабарлама қабылданды.

 

 

 

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда