National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 20 ақпан

 

Мемлекет басшысының атына ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмысшыларынан, қоғамдық бірлестіктердің мүшелерінен, мәдениет өкілдерінен, сондай-ақ елдің түрлі өңірлеріндегі азаматтардан бастамаға және Қазақстанның тұрақтылық пен орнықты даму бағдарын сақтауға қолдау білдірген хат-хабарлар көптеп келіп жатыр.

А.Әшімов, Н.Ықтымбаев, С.Елубай, С.Нарымбетов және Р.Әбдірәшов сынды кинематография өнерінің бірқатар танымал қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне рақмет айтып, Президент сайлауын өткізуді зор ықыласпен және шынайы қолдайтындықтарын атап өткен.

«Бүгінде Қазақстанның кинематографиясы бұрын-соңды болмаған өрлеуге бет алғанын, қазақ киносының абыройы көз алдымызда асқақтап келе жатқанын бәрі көріп отыр. Бұл біздің еліміздің тұрақтылығының айқын көрсеткіші,  өйткені «зеңбіректер гүрсілдеп жатқанда, муза тұншығады». Суретші «тұрмыс тауқыметінің қою түтінінде» шығарма тудырып, ойлағанын жүзеге асыра алмайды. Сіз бізге шығармашылық туындылар жасауға мүмкіндік беріп отырсыз. Болашағымызды Сізбен бірге болу арқылы ғана көреміз», – делінген хатта.

Экономика институтының, «Ғылым ордасы» РМК, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының басшылары  инновациялық индустрияландыруды, инфрақұрылымдық дамуды елдің басты басымдылықтарының бірі ретінде жариялау ғалымдар үшін маңызды оқиға болғанына назар аударған.

«Отандық ғылымды жүйелі қолдауға бағытталған Сіздің саясатыңыз елеулі нәтиже берді. Ғылыми қызметкерлердің саны өсіп келеді. Біз Сіз ұсынған бағдарламалар мен стратегияны толығымен қолдаймыз және ғылыми-техникалық прогресс туын әрі қарай да абыроймен алып жүретінімізге сендіреміз. Кез келген міндеттер пен биік мақсаттарға біз Ұлт Көшбасшысымен бірге жете аламыз», – делінген хатта.

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі өзіне офицерлерден, сарбаздардан, әскери бөлімдерден және күш құрылымдарынан келіп жатқан хаттарда тұрақты дамуды, Отанымыздың биік беделін тікелей Жоғарғы Бас Қолбасшының есімімен байланыстыратындары атап өтілгенін хабарлайды.

«Біз сайлау өткен жағдайда азаматтардың Мемлекет басшысына сенімін, қолдауын және құрметін растайтын құжатқа еш күмәнсіз қол қоямыз», – деп жазады авторлар.

Студенттік спорт федерациясы біріктірген қазақстандық жоғары оқу орындарының барлық  спортшы студенттері Президент сайлауын өткізу елімізде спортты дамыту жөніндегі амбициялы жобаларды табысты жүзеге асырудың кепілі болып саналатын Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтауға септігін тигізетінін атап өткен.

«Өз еліміздің патриоты және Сіздің саяси бағдарыңыздың жақтаушысы бола отырып, Сізге 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу туралы идеяны жүзеге асырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Соның арқасында біз туған жерімізде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Испанияның Гранада қаласында өткен Дүниежүзілік универсиадада жоғарғы үшінші орынды иеленген біздер өз Отанымызда бұл нәтижені жақсартуға тырысамыз. 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы табысты өткізу және 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізу құқығын иелену мүмкіндігін біз Сіздің атыңызбен ғана байланыстырамыз», - деп жазады студенттер.

 «Қазақстан мүгедектері ұйымдарының одағы» бірлестігі, «Жоғары білімі бар мүгедектердің «Намыс» қоғамдық бірлестігі» және «Мен өмірді сүйемін» қоғамдық қоры басшылары бүгінде республикада мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтады.

«Елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жөнінде биік мақсаттар мен міндеттер белгілей отырып, біз іргелі мүмкіндіктерге иеміз. Елімізде өмір сүру деңгейі ұдайы өсіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіпкерлердің қатарын толтыруы біз үшін дәстүрлі жайтқа айналған. Бұлар Сіздің қолдауыңыздың арқасында еліміз бен қоғамды дамытуға өз үлестерін қосуға мүмкіндік алған белсенді әрі мақсаткер азаматтар. Біз Сізге сенеміз, еліміздің болашағын Сізбен ғана байланыстырамыз», – делінген хатта.

Қызылорда облысының Азаматтық альянсы ел болашағы үшін маңызды сайлаудың қажеттігін атап өткен.

«Біз республикада қабылданып жатқан әлеуметтік-экономикалық шешімдерге әрдайым айрықша мән беріп келдік және сайлау өткен жағдайда оған барынша белсене қатысуға дайын екенімізді білдіреміз», – деп жазады авторлар.

Алматы облысының бірқатар этномәдени бірлестіктерінің басшылары республикамыз өркендеп, қоршаған ортаның жақсаруы үшін қажетті нәрсенің бәрі – адами және материалдық ресурстар, күш-қуат бар екенін атап өткен.

«Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында біздің бәрімізді бүгін тәуелсіз Қазақстан үшін мақтаныш сезімі біріктіреді. Ұлт Көшбасшысымен бірге болу арқылы біздің еліміз бұдан да күшті бола түседі», – деп жазады авторлар.

Оңтүстік Қазақстан облысынан да хаттар көптеп келді. Мәселен, көпбалалы аналардың бір тобы елімізде мемлекет тарапынан ұдайы жасалып отырған қолдаудың арқасында балалардың саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтқан. 

«Қазақстанның, татулық пен бірлік идеясын нығайта беретін балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін Сіз елімізді бұдан да жоғары биіктерге жеткізетініңізге сенімдіміз», – делінген хатта.

Осы өңірдегі жастардың өкілдері Мемлекет басшысының елді табысты дамытудағы рөлінің жоғары екеніне тоқталған.

«Сіз еңбек жолыңызды Қазақстан Магниткасында қарапайым жұмысшы болудан бастағаныңызды әрқайсымыз да білеміз. Сіздің өмір жолыңыз еңбекқорлықтың, мақсаткерліктің, қоғамға қызмет етуге деген талпыныстың, өз халқының игілігі үшін қажырлы еңбектің мысалы болып саналады. Сіздің жастарға қатысты қамқорлығыңыз бен қолдауыңыз еліміздің болашағымен тікелей байланысты», – деп жазады авторлар.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың бастамашыл тобының хатында Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауы халықтың осы тобының өкілдеріне өмірдің барлық салаларына белсене қатысуға мүмкіндік беретіні айтылған.

«Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың мансабын жалғастырып, кәсібінде табысқа жете алуы үшін бәрі жасалуда. Қоғамға пайдалы бола алатындығымыз үшін шексіз қуаныштымыз. Біз үшін Сіз халыққа, туған елге қылаусыз қызмет етудің жарқын мысалы боласыз. Барлық қазақстандықтардың шексіз сенімі мен сүйіспеншілігі Сіздің мызғымас беделіңіздің айғағы. Біз алдағы уақытта да Қазақстанды Сіздей адамның басқарғанын қалаймыз», – деп жазады авторлар.

Осы өңірден келген тағы бір хатта бірқатар этномәдени орталықтардың басшылары президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қуана қабыл алғандарын және татулық, бірлік, келісім мен тұрақтылық саясатын қолдауға дайын екендерін айтқан.

«Бүгінде біздің ел 130 халықтың тату тіршілігінің үлгісі болып отыр. Бұл – татулық, толеранттылық және келісім идеалдарының жақтаушысы ретіндегі Сіздің еңбегіңіз. Қазақстанның басты құндылығы, оның байлығы мен стратегиялық басымдылығы халықтың әралуандығы болып саналады. Бұл –баға жетпес адами капитал. Сіздің саясатыңыздың арқасында біз бірлікте өмір сүреміз, ал еліміз табысты мемлекетке айналып отыр. Өз болашағымызды біз Сізбен ғана байланыстырамыз.

Астана жастарының іскерлік кеңесінің мүшесі Ж.Амантай Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміз барлық қиындықтарды еңсеріп, жаңа биіктерге шығатынына сенім білдірген.

«Сіздің сайлауға қатысуыңыз Қазақстан халқының игілігі үшін. бүкіл ел қарапайым халықтың өкілі ретінде менің пікіріммен келісетініне сенімдімін», – деп жазады автор.

Сонымен қатар, Алматы қаласының бір топ тұрғындары да өз қолдауларын білдіріп, Мемлекет басшысының көреген саясаты Қазақстанның барша халқының игілігі үшін жалғасатынына сенімді екендерін айтқан.

«Өтінеміз, лауазымыңызда ұзақ қызмет етіңіз. Біз Сізге бір ауыздан дауыс беруге дайынбыз», – деп жазады авторлар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ел Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты Мемлекет басшысының атына келіп жатқан хаттардың  легі әлі жалғасуда.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің