National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан мен Украина президенттері келіссөздерінің қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихаты

2015 жылғы 09 қазан

 

Қазақстан Президенті екі ел басшыларының өзара сапарлары дәстүрлі достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға деген ұмтылыстың айғағы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы қаралып, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты пікір алмасылғанын мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал  туралы да әңгіме болғанын айтты.

Екі тарап та кез келген қақтығысты бейбіт шешуді жақтайды, өйткені бұған балама жоқ. Жалпы алғанда, Минск уағдаластықтарының орындалу барысына көңіліміз толады. Біздің ел Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуін жалғастырады. Сондай-ақ Халықаралық қызыл крест және Чернобыльдің «Укрытие» қоры арқылы да қаражат аударылатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті бүгінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеуге мүмкіндік берген «норманд төрттігі» аясындағы кездесулердің маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Украина жеріне бейбітшілік орнап, халқының дамуы тыныштық пен қауіпсіздік жағдайында жалғасқанын қалайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы салалары сияқты өзара іс-қимылдың басымдығы бар бағыттары айқындалғанын айтты. Бірлескен өндірістер құруға көшу ісін жандандыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл еліміздің экономиканы жедел әртараптандыру саясатымен және Украинаның мүдделерімен толық үндеседі. Сонымен қатар тараптар Украинаның электр стансаларына қажетті көмір жеткізу жөнінде де келісімге келді.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде бірқатар инвестициялық жобаларды дайындау жұмыстары жүріп жатқанына тоқталды.

Украиналық серіктестер іскерлік байланыстарды нығайту үшін бар күш-жігерін жұмылдырады деп сенемін. Қазақстанда бүгінде – 415, ал Украинада 124 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Біз Украина тарапының Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы жөнінде уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында мәдени-гуманитарлық тығыз байланыстар бар екеніне де назар аударды.

Өзара студенттер алмасу жөнінде уағдаластық жасалды. Астанада Тарас Шевченкоға ескерткіш орнатылады. Киевте Абайға ескерткіш ашылады деп үміттенеміз, бұл да екі елді  байланыстыратын дәнекерге айналады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев П.Порошенко сапарының қорытындыларына көңілі толатынын, оның екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге серпін беретінін айтты.

Украина Президенті келіссөздер нәтижесі екіжақты ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Қазақстан – Украинаның жақын серіктесінің бірі. Ол біз үшін «Азияға ашылған терезе» болып саналады, ал біздің ел сіздер үшін «Еуропаға ашылған терезе» болады деп үміттенемін, – деді П.Порошенко.

Сонымен қатар Украина басшысы екі елдің қарым-қатынастары бүгінде биік деңгейде екеніне тоқталды.

 Мемлекет басшыларының, үкіметтердің және халықтарымыздың арасында сенім, өзара қолдау бар, – деді Украина Президенті.

П.Порошенко сондай-ақ бүгін қабылданған, 2015-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарында айқындалған қадамдар бірқатар салалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндіктер туғызатынына сенім білдірді. 

Украина Президенті екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Украинаның өзара нақты іс-қимылын жоғары технологиялық жобаларға ұластыру арқылы нығайту ісіне назар аударғанын айтты.

П.Порошенко екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өтетін алдағы бизнес форум сауда-экономика саласындағы әлеуетті арттыру үшін зор мүмкіндік беретініне назар аударды.

Екі мемлекет басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ 2015-2017 жылдарға арналған Қазақстан – Украина іс-қимылы жоспарына қол қойылды. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің