National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилидің ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді

2017 жылғы 13 маусым

Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Грузия арасында тату көршілік пен тұрақты қарым-қатынас орныққанын атап өтті. 

– Бүгін осы жүздесудің болғанына қуаныштымыз. Грузия Президентінің сапары дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуына орайлас келді. Соның аясында Грузия павильоны ашылады. Қазақстан мен Грузия арасындағы бүгінгі қарым-қатынастар тұрақты сипатқа ие болып отыр. Біз тарихи, достық ынтымақтастығымызды ешқашан үзген емеспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ауқымы кең мәселелер бойынша келіссөздер барысында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өзара тиімді іс-қимыл жасау мүмкіндіктері қарастырылғанын айтты.

– Қазір Грузияны Қазақстан сияқты транзиттік мемлекетке айналдыруға мүмкіндік бар. Сөйтіп, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығуға болады. Грузия арқылы өтетін газ бен мұнай көлік дәліздері де бар. Осыған орай біз Қазақстан компанияларына тиесілі Батуми мұнай терминалы мен портының мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл жол барлық мүдделі елдер үшін пайдалы болатынын және оның Қазақстанның көлік әлеуетін арттыра түсетінін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзара тиімді сауда ынтымақтастығының қажеттілігіне тоқталып, осы бағыттағы қатынастарды ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.    

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев гуманитарлық және білім салаларына қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар туралы әңгімеледі.

– Біздің мәдени-гуманитарлық қатынастарымыз әрдайым жоғары деңгейде болды. Соны жалғастыра беру керек. Жастарымыз да дәстүрімізді жалғастырып, қарым-қатынастарымызды дамыта беру үшін университеттеріміз арасында студенттер алмасуды жолға қою мүмкіндіктері туралы әңгімелестік. Грузия Президентінің Қазақстанға сапары екіжақты байланыстардың маңызды мәселелерін шешу үшін біздің үкіметтеріміздің өзара іс-қимылына серпін береді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы Г.Маргвелашвилиге сапармен келгені үшін тағы бір мәрте алғыс айтып, барша Грузин халқына табыс тіледі.

Грузия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын айтып, өзара тиімді ынтымақтастықтың кеңейе түсеріне сенім білдірді және Қазақстан Президентін Грузияға сапармен келуге шақырды.   


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің