Жаңалықтар

4 мамыр 2015
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты келіп түскен хаттар мен жеделхаттар

 

Мемлекет басшысы атына мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан, шет елдердің заң шығарушы органдары өкілдерінен, шетелдік компаниялар жетекшілерінен құттықтаулар толассыз келіп түсуде.

Атап айтқанда, Пәкістан Президенті М.Хусейн Пәкістан Ислам Республикасы халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы тарихи жеңісіне байланысты риясыз көңілден құттықтайтынын жеткізген.

«Қазақстан Президенті жоғары лауазымына сайлануыңыз Сіздің ұлт көшбасшысы ретіндегі биік беделіңізді, сондай-ақ халықтың сенімін және бұдан әрі өсіп-өркендейтініне деген сенімділігін айғақтайды», – делінген жеделхатта.

М.Хусейн Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сындарлы диалог алда да екі елдің және қос халықтың бауырластық қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізетінін атап өткен.

Өз кезегінде Катар мемлекетінің премьер-министрі – ішкі істер министрі Абдулла бин Нассер бин Халифа Әл Тани және Катар мемлекеті әмірінің орынбасары Абдулла бин Хамад Әл Тани Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық пен табыс тіледі, еліміздің халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне деген  ниеттестіктерін білдірді.

Антигуа мен Барбуда премьер-министрі Г.Браун ел үкіметі мен халқы атынан  президент сайлауындағы жеңіспен риясыз көңілден құттықтайтынын жеткізген.

«Біздің елдеріміз халықаралық деңгейдегі бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер бойынша өзара ынтымақтасып келеді. Антигуа мен Барбуда Қазақстанды сенімді дос және серіктес ретінде қарастырады. Премьер-министр ретінде мен елдеріміз арасындағы бауырластық қарым-қатынас бұдан әрі тереңдей түскенін қалар едім. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуін тағатсыздана күтемін. Ол форумның «Болашақтың энергиясы» деген тақырыбы дер кезінде көтеріліп отыр. Менің үкіметім баламалы  энергия көздерін қызу зерттеуде, сондықтан аталған саммитке қатысу мүмкіндігі біз үшін маңызды мәнге ие және қажетті нәтижесін береді», – деп жазады автор.

Башқұртстан Республикасының басшысы Р.Хамитов сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі елді қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамыту жолындағы Президент саясатын Қазақстан халқының кеңінен қолдайтынының айғағы екенін айтады.

«Сізге шын көңілден мықты денсаулық, бақуаттылық және бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа жетістіктер тілейміз», – делінген жеделхатта.

Өз құттықтауын АҚШ конгресінің мүшесі Р.Вебер де жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта сайлануы Қазақстан азаматтарының лайықты сенімінің және Мемлекет басшысының елдегі және шет елдердегі көшбасшылығына да олардың сенетіндігінің дәлелі екенін атап өткен.

«Мені Сіздің өз халқыңызды Америка Құрама Штаттарымен экономикалық өзара іс-қимыл бағытына бастауға деген ықыласыңыз, сондай-ақ өңірде татулық орнату жөніндегі берік ұстанымыңыз қанаттандырады. Елдеріміз осыған дейін қол жеткен прогресс негізінде бұдан әрі де қарым-қатынасын жалғастырады деп күтемін. Сіздің сара басшылығыңызбен Қазақстанның ел ішіндегі және шет елдерге қатысты бастамаларыңыз өрістеуін жалғастыра береріне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

АҚШ конгресінің тағы бір мүшесі Д.Рорабакер Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тек аумағының үлкендігі жөнінен ірі ел ретінде ғана емес, әлемдік сауда-саяси қарым-қатынастарда барған сайын маңызды рөл атқарып отырған егемен халық ретінде де қайта өркендегеніне назар аударған.

«Мен Қазақстанды діни толеранттылық пен үйлесімнің үлгісіне айналдыру жөніндегі мақсатыңызға айрықша ықыласымды білдіремін», – деп жазады автор.

ТМД экономикалық сотының төрайымы Л.Каменкова бүкілхалықтың дауыс беру нәтижелері Қазақстан Президентінің биік беделі мен оның елді өркендетуге және басқа мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жасампаз саясатына деген халықтың зор сенімін айғақтайтынын атап өткен.

«Русснефть» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы М.Гуцериев сайлаушылар тарапынан көрсетілген жоғары сенім Қазақстан Президентінің ел азаматтары арасындағы беделінің айғағы екеніне назар аударған.

«Қазақстанның орнықты, қарқынды дамуына, оның өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени әлеуетін ашуға, мемлекеттің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға, ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға қосқан Сіздің үлесіңізге баға жетпейді. Кемел мемлекеттік қайраткер, дана саясаткер – Сіз өз еліңіздің тарихының ең жарқын беттерін жаздыңыз. Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан экономиканы жаңғыртудың тиімді әрі жүйелі саясаты, Қазақстан Республикасының тұрақты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесі барша әлемде мойындалып жатыр», – делінген құттықтауда.

Қолдау лебізін Metro Group компаниясы басқармасының мүшесі М.Фрезе де жеткізіп, біздің елде заманауи сауданың өркендеуіндегі негізгі рөлді қолайлы іскерлік орта атқаратынына тоқталып өткен.

«Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған Сіздің алысты көздеген көзқарасыңыз біздің бизнесіміздің дамуы үшін басты жағдаят болып саналады», – делінген хатта.

Claas концерні байқаушылар кеңесінің төрағасы К.Клаас-Мюльхойзер өткен сайлаудың қорытындылары Қазақстан Президентінің өз елін дамытуға бағытталған көпжылдық табысты жұмысына жоғары баға бергенін атап өткен.

Өз құттықтауында Heidelbergcement компаниясы басқармасының мүшесі А.Керн сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі Қазақстан халқының өз көшбасшысына және елдің Қазақстан экономикасын дамытуға, терең реформалар жүргізуге бағытталған  саяси бағытына деген жоғары сенімін айғақтайтынына шүбәланбайтынын білдірді.

«Сізге денсаулық және елдің бұдан арғы экономикалық дамуында зор табыстар тілеймін, бұл Қазақстандағы барлық шетелдік кәсіпкерлердің мүддесін көрсетеді», – деп жазады автор.

Atlas Copco Energas GmbH компаниясының президенті П.Вагнер бүкіл ұжымның және жеке өзінің атынан Мемлекет басшысын құттықтап, жаңа табыстар және жауапты қызметіне сәттіліктер тілеген.

Papenburg AG компаниялар тобының жетекшісі  Г.Папенбург біздің елдің дамуын үлкен қызығушылықпен бақылап отырғанын айта келіп, қойылған міндеттерді жүзеге асыруда табыс тіледі.

Allen Global Companies компаниясының бас директоры Д.Николстың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта сайлануы саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың, сондай-ақ инвестициялық ахуалдың жүйелі әрі ойдағыдай болып қала беретіндігіне кепілдік береді.

«Бизнес жетекшісі және шетелдік инвестор ретінде маған бұл тұрақтылық ұзақмерзімді іскерлік шешімдер қабылдау үшін қажет», – делінген жеделхатта.

Dilenschneider Group компаниясының бас директоры Р.Диленшнайдер Нұрсұлтан Назарбаевты Президент лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, Мемлекет басшысының Қазақстан дамуына қосқан үлесін атап өткен.

Ең ізгі тілектері мен елімізді бұдан әрі жаңғырту жөніндегі стратегиялық жоспарларға деген қолдауын Rheinmetall AG компаниясы басқармасының төрағасы А.Паппергер де жеткізді.

Халықаралық Katev қоғамдық қорының өкілдері, қазақ-түрік лицейлері оқытушылары, оқушыларының ата-аналары мен түлектері өз құттықтауларында осы оқу мекемелері жұмысына жасалған қамқорлық пен қолдау үшін алғыс білдіреді.

«Сіз ел болашағы үшін жас ұрпақтың іргелі білім алуы маңызды екенін айта отырып, әрдайым ғылым мен білімнің дамуына көңіл бөлесіз», – делінген жеделхатта.

Окан университетінің Қамқоршылар кеңесінің президенті, «Окан» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Б.Окан Нұрсұлтан Назарбаев басқарған жылдары Қазақстан жоғары экономикалық жетістіктерге жеткеніне тоқталған.

«Сіздің күш салуыңызбен Түркия және өзге елдермен тату көршілестік қарым-қатынас табысты өрістеп келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында елордасы Астана қайтадан салынып, бүкіл Қазақстан жаңарды», – делінген жеделхатта.

Бразилиялық «Ортақ ғаламшар» медиахолдингінің президенті У. де Ресенде Қазақстан мен Бразилияның қарқынды дамып келе жатқан қарым-қатынасы  екі елдің халқы мен мәдениеті арасындағы ынтымақтастықты арттыруға оң ықпал етеріне сенім білдірген. Ол сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа сарқылмас күш-қуат, даналық және Қазақстанды одан әрі дамыту ісінде  шабыт тілеген.

***

Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемге демократиялық, зайырлы, бейбіт, өркениетті, толерантты, мәдени құндылықтарға ашық, дамыған экономикасы бар мемлекет ретінде танылғанын атап өткен.

«Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Мәңгілік ел» идеясы – Сіздің ойыңыздың жемісі. Сондықтан Қазақстан болашаққа Сізбен бірге ғана ұмтылады. Мұны өткен сайлау бүкіл әлемге дәлелдеді», – деп жазады автор.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері ел алдына қойылған мақсаттарға жету үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен.

«Біз әрдайым өзімізге артылған үмітті ақтай отырып, Сізбен бірге даму жолымен жүреміз және жасампаз еңбек, терең білім мен озық ғылым арқылы өз үлесімізді қосамыз», – делінген хатта.

«Банк Центр Кредит» АҚ еңбек ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі Мемлекет басшысының жүргізіп отырған стратегиялық бағдары мен жасампаз саясатын Қазақстан қоғамы кеңінен қолдайтынының дәлелі екенін айтады.

 «Біз Сіздің екіжақты достық байланыстар мен серіктестікті нығайтуға, Қазақстанның экономикасын Оңтүстік Корея бизнесінің қатысуымен әртараптандыру жөніндегі ауқымды жобаларды табысты жүзеге асыруға қосқан үлесіңізді бағалаймыз. Қазақстанның прогресс жолында тұрақты әрі жүйелі ілгерілеуі шетелдік тікелей инвестициялар тарту мен қаржы секторын табысты дамыту үшін маңызды фактор болып табылады», – делінген хатта.

Патриоттар партиясының Атырау облыстық филиалының мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың  сайлаудағы айқын жеңісіне байланысты қанағаттанушылық білдіріп, әрбір қазақстандық отбасының бақуаттылығын қамтамасыз етуге көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтқан.

Павлодар облысы Азаматтық альянсының өкілдері Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.

«Қазақстан – бүгінгі әлемде өзінің орнықтылығымен және тыныштығымен ерекшеленетін аз мемлекеттердің бірі. Осының бәріне Сіздің даналығыңыз бен Ұлт Көшбасшысы деген атаққа лайық мемлекеттік қайраткерлік тәжірибеңіздің арқасында қол жетті», – деп жазады авторлар.

Қазақ композиторы, КСРО және ҚазКСР халық әртісі С.Мұхамеджановтың отбасы сайлау Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының жарқын өмірге бастайтынына ел тұрғындарының сенетінін және оны бүкіл халық қолдайтынын көрсеткеніне тоқталды.

«Сіздің адамгершілігіңіз бен барша қазақстандықтардың мұқтаждықтарына деген қамқорлығыңыз бізге еліміз бен балаларымыздың болашағы қауіпсіздікте және ұдайы дами береді деген үміт пен күш-қуат береді», – делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысының атына құттықтауларын Қызылорда облысы Сексеуіл стансасы бастығының орынбасары Ә.Жапақов, Астана қаласынан «Чудо детство» жекеменшік балабақшасының тәрбиеленушілері, Алматы қаласынан С.Ибраимова, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан Е.Оразалин, Қарағанды қаласының тұрғындары Қ.Жұмабеков, зияткерлік мектеп оқушысы А.Әбдірәсілов жолдады. Авторлар Нұрсұлтан Назарбаевқа тәуелсіздікті нығайту, саясатты, экономика мен мәдениетті дамыту ісіндегі  қызметіне табыс тіледі. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар