Жаңалықтар

8 қазан 2010
Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында еліміздегі стратегиялық объектілердің қауіпсіздігі мен өмірлік қамтамасыз ету объектілерінің жағдайының мәселесі қаралды.
01

Аталған тақырып бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Н.Әбіқаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын өнеркәсіп пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты шараларды қабылдау, алдын алу іс-шараларын жүргізу, осы саладғы нормативтік базаны жетілдіру қажеттігіне аударды.

Президент Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның құқық қорғау жүйесін жетілдіруді қарастыратын таяуда жарық көрген Жарлыққа сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру және бақылау функциясын, соның ішінде, стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігін орындауы қажет.

Одан кейін мемлекет пен даму институттары қатысатын қорлардың қызметіне, Қазақстан экономикасын нығайтуға, банктік секторды тұрақтандыруды қолдауға, әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған мемлекеттік қаражатты пайдалануға байланысты мәселе қаралды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Қ.Келімбетов өз баяндамасын осы тақырыпқа арнады.

Мемлекеттің қатысуымен құрылған жекелеген қорларға жүргізілген тексерістің қорытындысы туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, талқылауды қорыта келе, мемлекет қорларға, холдингілер мен даму институттарына өте үлкен қаржы бөлгенін, сондықтан осы ұйымдардың қызметінің тиімділігіне мониторинг жүргізуді және бақылау жасауды қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап көрсетті.

Аталған мәселені талқылаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке, сот, құқық қорғау және өзге мүдделі мемлекеттік органдарға алдыға қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Тапсырманың орындалуын бақылауды Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктеді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар