Жаңалықтар

17 маусым 2008
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшылығымен және мүшелерімен жұмыс кеңесін өткізіп, онда бірқатар өзекті экономикалық мәселелер талқыланды.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде жұртшылықтың басты назарында азаматтардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуы, Қазақстан экономикасына әлемдік азық-түлік және қаржы дағдарысының мүмкін болатын ықпалы туралы мәселелер тұрғанын атап өтті.


Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник Қазақстанда тұрғын үйді үлестік салудың 339 нысаны бар екенін, оларға 46 мың үлескер қатысып жатқанын баян етті.


Үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан баспаналар шартты түрде үш топқа бөлінеді:

– проблемалық, яғни соттың қарауын, банкроттық ресімін және мемлекет тарапынан айрықша көзқарасты талап ететіндер;

– үлескерлер дербес түрде аяқтап жатқандар;

– мемлекеттік қолдауды талап ететіндер.


Проблемалықтардың қатарында құрылысына Алматы мен Астанада 6,5 мыңнан астам адам қаржы салған 33 нысан бар.


Кеңес барысында проблеманы шешудің бірнеше нұсқасы талқыланды. Президент мәселе шешілетінін – барлық нысандар аяқталатынын атап өтті. Ол сондай-ақ, құқық қорғау органдарының алақол құрылыс салушыларға қарсы дереу қатаң шаралар қолдануына нұсқау берді.


Үлестік құрылыстарға қолдау білдіру үшін 104 миллиард теңге бөлу көзделуде. Оның 71 миллиард теңгесі қазірдің өзінде аударып қойылған. Сонымен қатар, ұлттық компаниялар екі мың пәтерді сатып алуды жүзеге асыратын болады, Астана қаласының әкімдігіне алты мың пәтерді сатып алу үшін қаржы бөлінді.


Н.Ә.Назарбаев Үкімет мүшелерінің назарын қоғамда басты тағам өнімдерінің бағасы алдағы кезде артатыны туралы негізсіз алыпқашпа сөздер таралып жүргеніне аударды.


Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қазақстанға азық-түлік дағдарысы қатер төндірмейтініне сендірді. Мемлекеттік резерв келесі астыққа дейін артығымен жетеді. Үстіміздегі жылы астық, күріш, майлы дақылдар, қызылша себілген алқаптар әлдеқайда ұлғайды. Алдын ала есеп бойынша, мәселен, дәнді дақылдар 17-18 миллион тонна жиналады деп күтілуде.


– Негізгі тағам өнімдері бойынша біз өзімізді шикізатпен толық қамтамасыз етеміз және сыртқы рыноктан тәуелсіз боламыз, – деп мәлімдеді министр.


Кеңес барысында шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету мәселесі талқыланды. Оны несиелеуге соңғы айларда қосымша 48 миллиард теңге бөлінгені, екі мың несие берілгені атап өтілді.


Жыл басынан бергі 5 айда бюджетке өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда салық 30 пайызға көп түсті.


Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын мемлекеттік қолдау инфляцияға қарсы тұру шараларының бірі болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет бұл мақсаттарға қосымша 30 миллиард теңге бөлуге шешім қабылдады – бұл 2009 жылдың бюджетінде көрініс табатын болады.


Қорытындылай келе Президент берілген ақпарат төніп келе жатқан инфляция және бірінші қажеттілік тауарлары бағасының мүмкін болатын секірісі туралы алыпқашпа сөздерді түбірінен жоққа шығаратынын атап көрсетті.


Кеңес қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз үшін елдегі экономикалық ахуал туралы арнайы мәлімдеме жасап, онда Ақордада бүгін қаралған мәселелерге нақты да түбегейлі жауаптар қайтарды.



Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар