Жаңалықтар

12 маусым 2009
Ақтауда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның көшпелі мәжілісі болып өтті. Оған комиссия мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

- Саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени үдерістердің жаһандануы, Қазақстанның халықаралық жүйеге жедел ықпалдасуы, сондай-ақ біздің елімізге де әсер еткен әлемдік қаржы дағдарысы сияқты мәселелер патриоттық тәрбие берудің, халқымыздың бірлігін нығайту міндеттерін ерекше маңызды ете түседі, - деп мәлімдеді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Оның пікірінше, осылардың сәтті іске асырылуы қоғамға, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарға, қазақстандықтардың өз Отанына, Туына, Елтаңбасы мен Гимніне шынайы махаббаты мен терең құрметіне байланысты. Тек бірлескен жүйелі жұмыс негізінде тәуелсіз Қазақстанның шынайы патриоттары тәрбиеленеді. Сондықтан да бұл мәселе Елбасының әрқашан назарында болып отыр.

Комиссия отырысында Маңғыстау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері Қ.Көшербаевтың, Б.Жексембиннің және С.Біләловтің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі жұмыс тәжірибесі жөнінде есептері тыңдалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары М.Жөргенбаевтің Бас прокуратурада мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану және геральдика мен белгілерді пайдалану саласындағы жұмыстың жай-күйі туралы баяндамасы тыңдалды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға мемлекеттік рәміздер жөніндегі заңнама қағидаларының бұлжытпай сақталуы және де оларды пайдалануды бақылау механизмдерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар берілді.

Ақтауға сапары барысында Қ.Саудабаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және даму перспективасымен, соның ішінде «Жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан облыстық орталық аурухананың жөндеу жұмыстары барысымен танысты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар