Жаңалықтар

10 мамыр 2006
Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейнидің Қазақстанға ресми сапары әлемдік жетекші БАҚ-тарда кең үндестік туғызды.

9.jpg

10.jpg

11.jpg

Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейнидің Қазақстанға ресми сапары әлемдік жетекші БАҚ-тарда кең үндестік туғызды. Ричард Чейнидің Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде Ақорданың жаңалықтары әлемдік ақпарат агенттіктерінің, телеарналар мен газеттердің басты назарында болды.

 

Время новостей

 

Қазақстан бүгінде посткеңестік кеңістіктегі Ресейдің ең жақын одақтасы рөлінен үмітті бола алады. Бірақ солай болса-дағы бұл ел АҚШ үшін де стратегиялық маңызға ие болып отыр. Игерілуіне аса ірі америкалық мұнай компаниялары қатысып жатқан энергетикалық шикізаттың орасан қорына ие Қазақстанды Вашингтон Орталық Азия өңіріне өз ықпалын тарату үшін геосаяси плацдарм ретінде қарастыра алады.

 

Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейни:

 – Бізге Қазақстанды өз досымыз ретінде сезіну өте ғанибет. Біз Қазақстанға ол бүкіл әлем үшін істегендердің барлығына ризашылық сезімдеміз. Қазақстанда табиғи ресурстар мен таланттар өте көп. Америка Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде үлкен болашағы бар екеніне сенімді. Қазақстан Орталық Азияда бейбітшілікті сақтауда үлкен рөл атқарады. Бұл өңірдегі барлық елдердің олар нені қаласа соны істеуге және дамуға мүмкіндіктері бар. Алға бастайтын жол өте айқын. Және дұрыс жолмен жүрген елдер, сайып келгенде, өздерін соңғы мақсатқа жеткізеді. Біздің бүгінгі көргеніміз, бұл ел дамуға және қауіпсіздікке деген дұрыс жолмен келе жатыр.  
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнидің бірлескен баспасөз мәслихаты. Астана, 2006 жылғы 5 мамыр.)

 

Мұнай мен табиғи газ  қоры аса мол Қазақстан, сарапшылардың пікірі бойынша, энергия тасымалдаушылардың әлемдік рыноктағы ұсынысын арттыруға қабілетті елдердің бірі болып табылады. Бұл ел экономикалық ықпалы өсе түскен Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан және ол АҚШ Иранды оның ядролық бағдарламасына қатысты оқшаулауға ұмтылып отырғанда толық мәнінде мұнайдың баламалы көзі бола алады.

 
Бұрынғы кеңестік республикалардың арасында Ресейден кейін мұнай өндірудің көлемі жағынан екінші болып саналатын Қазақстан күніне 1 миллион баррельге жуық, яғни Аляскадағы Арктикалық ұлттық табиғи қорықтан алуға болатын көлеммен шамалас өндіреді. 2015 жылға қарай Қазақстанда күн сайын өндірілетін көлем үш есе ұлғайып, 3 миллион баррельге – былтырғы әлемдік өндірудің 3,6 пайыздайына немесе Сауд Арабиясы өндіретін мұнайдың үштен біріне жете алады, дейді Коэн.

 
“Қазақстан – бұл мұнай өндіруді ұлғайту үшін зор мүмкіндіктерге ие аз ғана елдердің бірі, – дейді Гарвард университетінің профессоры, Америкааралық даму банкінің бұрынғы бас экономисі Рикардо Хаусманн. – Мұның өзі оны жаһандық энергетикалық тепе-теңдікті сақтау үшін өте маңызды елге айналдырады”.

 

Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейни:  
 – Осында, мынау тамаша қалада бола отырып, мен Қазақстан АҚШ-ты өзінің досы деп санайтынына қуанатынымды айтқым келеді. Біз сіздер өткен 15 жылда жасап үлгергендеріңіздің бәрінен үлкен әсерде қалып отырмыз. Және біз сіздердің стратегиялық әріптестеріңіз болғанымызды мақтан етеміз. Менің елім қауіпсіз дүние құрудағы бірлескен болашақ ынтымақтастығымызды тағатсыздана күтеді.  
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнидің бірлескен баспасөз мәслихаты. Астана, 2006 жылғы 5 мамыр.)

 

Московские новости

 

Американың жаңа үміті

 

Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы ең болжай аларлық стратегиялық әріптесі санайды

 

 

Джордж Буштың өтініші бойынша Вице-президент Ричард Чейни литван саммиті аяқтала салысымен дереу Қазақстанға аттанды. Сондайлық жоғары лауазымды американ шенеунігінің сапары Ақ үй өкілдерінің осынау Орталық Азия еліне үлкен сапарларының тізбегін жалғай түсті: өткен жылдың аяғында Қазақстанда Мемхатшы Кондолиза Райс болса, биылғы жылы республикаға қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы министрі Майк Джоанс, энергетика министрі Самюэль Бодман және қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд келіп кетті. Чейнидің Қазақстанға жоспардан тыс сапары – Ислам Каримов пен Кұрманбек Бакиевтің ашық мәжбүрлеу әрекеттерінен кейін АҚШ-тың өңірдегі барынша болжай аларлық стратегиялық әріптесі болып отырған осынау елге Джордж Буштың сапарын әзірлеу үшін өзіндік бір “ұрыспен барлау” болуы әбден мүмкін.

 

 
“Ашулы” Өзбекстанның, “ашқарақ” Қырғызстанның, “кедей” Тәжікстанның және “астамшыл” Түркіменстанның қасында Қазақстан Америка үшін әлдеқайда ықтимал әріптес болып көрінеді. Ары салғанда, Вашингтондағылар Астанадан күрт өзгерісшіл сыртқы саяси әрекеттер күтпейді. Оның үстіне Құрама Штаттар посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның экономикалық және саяси салмағы елеулі түрде өсе түскенін, ал мұнымен ендігі жерде санасу керек екенін барған сайын айқын түсіне бастады.

 
Астананың соңғы іс-әрекеттері мен шешімдеріне қарағанда Қазақстан басшылығы қазірдің өзінде мемлекеттің сыртқы саяси басымдықтарын айқындап алды: Қазақстанның негізгі стратегиялық әріптестерінің тізімінде Құрама Штаттар мен Еуроодақ мемлекеттері қазір Ресейге, Қытайға және ТМД-ның бірқатар елдеріне біріншілікті беріп, екінші тұрғыда тұр. Алайда, бүгінгі таңда республика 90-шы жылдардағыдай америкалық инвестицияларға айтарлықтай қатты мұқтаж болып отырмаса да, Вашингтонның саяси салмағы мен экономикалық ықпалын елдің басшылығы осы күнге дейін ескеріп келеді.

 

Коммерсант

 

Дик Чейни Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде Каспийдің табанын байқап көрді

 
АҚШ-тың Вице-президенті Дик Чейни Қазақстанға келді. Оның келіссөздерінің негізгі тақырыбы энергетика, атап айтқанда, Ресейді айналып өтіп, Каспийдің табаны бойынша газ құбырын салу мәселесі болды.

 
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында Дик Чейни  мадақ сөздерге таршылық жасамады. “Біз сіздер Ауғанстан мен Иракта жасаған жұмыстар үшін, сондай-ақ лаңкестікке қарсы жаһандық күресте бізбен ынтымақтасып отырғандарыңыз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз. Қазақстан АҚШ-тың жақсы досы және стратегиялық, басты әріптесіне айналды. Бүкіл Америка Қазақстанда өткен 15 жылда қандай прогреске қол жеткізілгенінің әсерінде қалып отыр”, – деді Дик Чейни. Бұл сөздер осының қарсаңында Вильнюсте ол жасаған мәлімдемеге мүлде қарама-қарсы еді: АҚШ Вице-президенті айтарлықтай қатқыл тұрғыда Мәскеуді демократияны әлсіреткені үшін айыптады. Дик Чейнидің аузынан Астананың атына ешқандай айыптау айтылмады.

 
Келіссөздердің түйінді мәселесі Каспий теңізінің табаны бойынша тұрба құбырын салу перспективасы болғандығы сөзсіз, ол Қазақстанның көмірсутегін Ресейді айналып өтіп, Түркия арқылы экспорттауды мүмкін етер еді. Кеше дәл осы тақырыпты Астанада Еурокомиссияның энергетика жөніндегі өкілі Андрис Пибалгс талқылап, Қазақстанды қазірдің өзінде бар Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбырына қосу идеясын белсенді түрде ұсынып бақты. ЕО қаржыландыруға дайын бұл жоба іске асырылатын болса, Ресей іс жүзінде Каспий газына бақылау жүргізуден айырылып, Еуропа энергия жеткізудің баламалы жолына ие болмақ.

 
Тағы бір мәселе – Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбырына қосу. Былтырғы жылы салтанатты жағдайда іске қосылған бұл мұнай құбыры – Вашингтон соңғы онжылдық бойы дәйектілікпен ұсынып келе жатқан американ әкімшілігінің сүйікті мәселелерінің бірі. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев оның іске қосылу салтанатына қатысып, сол кезде Қазақстанның оған қосылуға әзір екендігін мәлімдеген.

 
Дик Чейнидің Қазақстандағы келіссөздері АҚШ Вице-президенті сол қарсаңда жария еткен Ресейге қатысты Вашингтонның жаңа саясатының қисынды жалғасы болып табылады. Егер Вильнюстегі саммитте Чейни мырза Балтық және Қара теңіз өңірлері Батыс пен Ресейдің арасындағы текетірестің аренасы болып табылады деп мәлімдесе, өзінің Астанада жасаған мәлімдемелерінде ол майдан шебін Каспий өңіріне де таратты. Вильнюсте Дик Чейни Ресей айналысып жүр дейтін “энергетикалық бопсаға” наразылығын айтса, Астанада оған қарсы күрес жөніндегі науқанды бастады. “Біз Ресейді өз жауымыз ретінде емес, өңірлік одақтас ретінде қарастырамыз. Бірақ та бізде Ресейдің елде болуға тиіс демократиялық үдерістерге кейбір қарсылығы алаңдаушылық туғызады, – деп мәлімдеді Дик Чейни кеше Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін. – Менің пікірім Вильнюстегі кешегі конференцияға қатысушылардың пікірімен сәйкес шықты. Біз Ресей кеше Вильнюске өкілдері жиналған елдерге қысым жасау үшін энергетикалық ресурстарға бақылауды саяси тетік ретінде пайдаланады деп санаймыз”.

 
Мәскеумен де, Вашингтонмен де жақсы қарым-қатынаста болуды артық көретін қазақ лидері Дик Чейниді тыңдап болғаннан кейін Ресей мен АҚШ-тың арасында ешқандай егес жоқ екенін айтып, “бұл өз ойларымен достық алмасу” деп мәлімдеді.

 
****

 

РИА Новости

 

АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнидің Қазақстанға ресми сапары аясында тараптар бірлескен үш құжатқа қол қойды.

 

Қазақстан Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасындағы жаппай қырып-жою қаруының инфрақұрылымын жоюға қатысты Келісімге түзетуге, Қазақстан Қаржы министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігі арасындағы ядролық материалдардың заңсыз ауыстырылуына жол бермеу саласындағы ынтымақтастық туралы атқару Келісіміне, Қазақстан-Америка экономикалық даму жөніндегі бағдарламасы бойынша Қазақстан мен АҚШ үкіметтерінің арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

 
****

 
Вице-президент Назарбаевты өз досы деп санайтынын айтты. Ал Қазақстанның өзі, деді Чейни, Ауғанстан мен Ирактағы көмегі және “террорға қарсы жаһандық соғыста бізбен ынтымақтастығы” үшін “Құрама Штаттардың жақсы досына және стратегиялық әріптесіне айналды”. Репортерлердің Қазақстанның демократиялық реформалар саласындағы іс-әрекеттері туралы сұраққа Чейни былай деп жауап берді: “Бұған дейін мен осында, Қазақстанда соңғы 15 жылда болып жатқан оқиғаларға тәнті екендігім туралы айтқанмын. Экономикалық даму тұрғысынан да, саяси даму тұрғысынан да нәтижелер өздерін өзі танытып тұр деп білемін”.

 
*****

 

АНН агенттігі

 

АҚШ Вице-президентінің Джордж Буштың өтініші бойынша Астанаға жасаған екі күндік сапары тура 18 сағатқа созылды. Чейни 5 мамырдағы 16.00-ден, ұшақ шассиі Астана қаласындағы халықаралық әуежайдың ұшу-қону алаңына тигеннен бастап келесі күнгі таңертеңгі 10.00-ге дейін, келесі бару нүктесі Хорватия болып табылатын “Боинг” Қазақстан астанасынан ұшып шыққанға дейін Нұрсұлтан Назарбаевта қонақта болды.

 
Бұған дейін Қазақстан айрықша маңызды стратегиялық әріптестері – АҚШ, Қытай және Ресей арасында сәтті түрде тепе-теңдікті сақтап келген. Саяси эквилибрдің эстетикасы бұл жолы да шайқалмауға тиіс болатын.

 
Ресейді қатаң сынау тежемелігіне Қазақстанның атына Чейни айтқан айқын мадақ сөздерге қарамастан, Назарбаев арбитраждық бақылаушының үйреншікті ұстанымына көшіп, АҚШ пен РФ-ның энергетика және Балтық өңірі мәселесі бойынша шиеленісе түскен қатынастары туралы “достық пікір алмасу” деген сыпайы пікір білдірді.

 
****

 

АҚШ Вице-президенті Чейни Қазақстандағы сапарында Ресейдегі демократияның деңгейіне қанағаттанбайтынын мәлімдеді

 
“Бізде Ресейдің елде болуға тиіс демократиялық үдерістерге кейбір қарсылығы алаңдаушылық туғызады”, – деді Чейни Астанада Қазақстан Президенті Назарбаевпен келіссөзден кейін. Оның сөзіне қарағанда, АҚШ Ресей энергия ресурстарына бақылауды басқа елдерге қысым жасаудың саяси тетігі ретінде пайдаланады деп санайды.

 
АҚШ Вице-президенті Ричард Чейни Қазақстанға сапары барысында Вашингтон Ресейді өңірлік одақтас ретінде қарастыратынын, бірақ РФ-да демократияның дамуына көңілі толмайтынын мәлімдеді.

 
“Біз Ресейді өз жауымыз ретінде емес, өңірлік одақтас ретінде қарастырамыз. Бірақ та бізде Ресейдің елде болуға тиіс демократиялық үдерістерге кейбір қарсылығы алаңдаушылық туғызады”, – деді Чейни Астанада жұма күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейін болған баспасөз мәслихатында америкалық журналистің сұрағына жауап беріп.

 
Астанадағы баспасөз мәслихатында Чейни “Үлкен сегіздіктің” кеңесі Санкт-Петербургте кесте бойынша өтеді деп үміттенеміз және біз қатысушылардың өте ашық еркін пікір алмасуы болады деп есептейміз”, деп атап көрсетті. Чейни “АҚШ бұл оқиғаны тағатсыздана күтуде” дегенді қосты, деп хабарлайды “Интерфакс”.

 
Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында оның ойынша Ресей мен АҚШ-тың арасында ешқандай егес жоқ деп атап өтті. “Бұл өз ойларымен достық алмасу. Бәрімізге әрбір тәуелсіз мемлекет өз проблемаларын шешетініне және белгілі бір саясатты ұстанатынына көндігу керек, ал бұл саясатты бәріміз құрметтеуді үйренуіміз керек”, – деді Назарбаев.

 
*****

 

The Washington Post

 

Чейнидің тұнжыраған реңіне күлкі үйірілді  
   
Демократиядан кейін шегінгені үшін Ресейді сөгіп алған Вице-президент Ричард Чейни кеше мұнайға бай Қазақстанға аттанды, мұнда бұрынғы кеңес республикасының басшысына мақтау лебіздерін аямады.

 
Чейни Астанадағы Президент сарайында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты қауырт дамып отырған экономикадағы табыстарымен құттықтады. Оның бұл жолғы сөз сарыны осыдан бір күн бұрын Литвада Ресейдің атына мәлімдемесіндегі Мәскеуді өз азаматтарының құқықтарын бұзғаны және өз көршілеріне қарсы “қорқытып-үркіту мен бопсалау” саясатын пайдаланғаны үшін кінәлағандағы қатқыл тілінен тым өзгеше болды.

 
Өзінің мәлімдемесінде Чейни Назарбаевта қонақта болғанына “қуанышты” екенін, “оны өзінің досы санайтынын”, және “Америка Құрама Штаттары Қазақстан сияқты осындай досы болғанына мақтанатынын” атап өтті. Чейни Назарбаевқа “терең құрмет” сезімін білдіріп, “Америка осындай стратегиялық серіктесі болғанын мақтаныш етеді”, әрі “ұзақ достыққа” үміт артады, деді.

 
Вице-президентке Қазақстанның адам құқықтарын сақтауы туралы сұрақ қойылған кезде, ол “Қазақстанның осы салада қол жеткізгенінің бәріне тәнті екенін” көрсетті, сондай-ақ бұл үдеріс одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.

 
АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынастарда мұнай ұзақ жылдар бойы негізгі орын алып келеді. Каспий өңіріндегі мұнайдың ең мол қорына ие бола отырып, Қазақстан күніне 1,2 миллион баррель өндіреді. Осы көлемнің 1 миллион баррелін ол экспортқа шығарады, соның арқасында барған сайын аса маңызды  Қазақстан Үкіметі 2015 жылға қарай Иранмен бір деңгейде тұратын болып, мұнай өндіруді күніне 3,5 миллион баррельге ұлғайтудан үмітті.

 
***

 

ИТАР ТАСС

 

Чейнидің пікірі АҚШ-тың пікірімен үйлеседі

 

АҚШ Вице-президенті Ричард Чейни иран ядролық проблемасын шешу үшін барлық дипломатиялық жолдарды пайдалану керек деп санайды. Бұл “АҚШ-тың пікірі және менің жеке өзімнің пікірім”, – деді ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Астанадағы келіссөзден кейін.

 
“Бұдан 15 жыл бұрын тәуелсіздік алысымен ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның үлгісі бірегей өнеге болып табылады және Иранға мұны қарастыру керек деп санаймын”, – деп атап өтті АҚШ Вице-президенті.

 
Ол сондай-ақ АҚШ Ресейді “жау ретінде емес, өңірлік әріптес ретінде” қарастырады деп мәлімдеп, “үлкен сегіздіктің” Санкт-Петербургтегі алдағы саммиті табысты болатынына үміт білдірді. “Біз бұл саммитті күтудеміз”, – дей келіп ол онда барлық толғақты мәселелер талқыланатын болады дегенді қосты.

 
Солардың қатарына ол Ресейдің, оның сөзі бойынша, “энергетикалық ресурстарға бақылауды саяси қысым жасаудың тетігі ретінде пайдалану” әрекетін де жатқызды.

 
* * *

 
АҚШ Қазақстанға әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру бағдарламасын іске асыруда қолдау білдіреді. Бұл туралы бүгін АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнимен келіссөзден кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.  
Сонымен қатар АҚШ жоғары технологияларды – биотехнологияларды, космос саласын, бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын құруды дамыту саласында озық жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіреді, деді Назарбаев.

 
Ричард Чейни өз тарапынан АҚШ Қазақстанды өзінің досы деп санайтынын және оны маңызды стратегиялық әріптес ретінде бағалайтынын атап өтті. “Біз Қазақстан соңғы 15 жылда экономикадағы секілді саясатта да жасаған нәрселердің үлкен әсерінде қалып отырмыз”, – деп атап көрсетті ол.

 
Чейнидің сөзіне қарағанда, Қазақстан Орталық Азияда бейбітшілікті сақтауда үлкен рөл атқарады. “Қазақстан даму мен қауіпсіздікке деген дұрыс жолда келеді”, – деп атап көрсетті ол.

 
***

 

Қазақстанда жүрген Чейни энергетикалық ұрысқа килікті

 
Мұнай мен табиғи газды “қорқытып-үркіту мен бопсалаудың құралдары” ретінде пайдаланатын Мәскеудің атына қатаң сын айтқаннан бір күн өткен соң Вице-президент Дик Чейни Қазақстанның басшылығын өзінің энергия ресурстарының экспорттық маршруттарын Ресейді орағытып өтіп, Батысты тікелей жабдықтауға иландыру үшін осы елге келді.

 
Чейни өзінің түсіндірмелерімен энергия ресурстары үшін және аса ірі әлемдік өндірушілерге тез айналып отырған бұрынғы Кеңес Одағының елдеріне ықпал жасау үшін күрделі геосаяси күресін бастады.

 
Америка Құрама Штаттары Орта Азиядан энергия ресурстарының орасан зор қорларын айдау үшін жаңа экспорттық тұрба құбырларын салу арқылы Ресейдің бақылауын бәсеңсіту жөніндегі күш-жігерді қолдайды, бүгінде бұл қорлардың Қара теңіз порттарына немесе Еуропаға бастайтын тұрба құбырларына түсуі үшін олардың елеулі бөлігі Ресей аумағын кесіп өтеді.

 
Ресейдің оңтүстік шекараларымен шектесетін Қазақстанға Чейнидің сапары АҚШ-тың өзіндік мүдделер тежемелігін жасауға ұмтылысын көрсетті. Америка Қазақстан және Әзірбайжан сияқты елдермен жақындасуға ұмтылып, энергетикалық мәселелерде Ресейдің үстемдігіне қарсы тұруға тырысуда.

 
Жұма күні Чейни Қазақстан басшылығы өкілдерімен жабық кездесу өткізді және тәулікті қазақ елордасы Астанада Президент Назарбаев берген қонақасымен аяқтады.

 
Қазақстандағы демократияның жай-күйін қалай бағалайтыны туралы сұраққа жауап қайтара келіп, Вице-президент Назарбаев үкіметінің саясатын мақұлдады, алайда, ол нақты баға бермеді. “Мен бұдан бұрын да өткен 15 жыл ішінде – экономикалық даму саласында, сондай-ақ саяси даму саласында Қазақстанда болған өзгерістерге өзімнің тәнті екенімді білдіргенмін”, – деді ол.

 
Қазақстан Қытаймен және Ресеймен шектесіп, сондай-ақ Каспий бойынша Иранмен ортақ теңіз шекарасы болғандықтан, Назарбаевтың нұсқаларды таңдау мүмкіндігі мол. Тұрба құбырларын төсеу жөнінде көптеген ұсыныстар бар, бұл ұсыныстарға сәйкес Қазақстан мұнайы Ресей, Түркия, Иран, Қытай, Пәкстан және тіпті Ауғанстан арқылы экспортқа жөнелтіле алады.

 
Бейсенбі күні Қазақстан Энергетика министрі АҚШ пен Еуропаны үміттендіріп, Ресейді орағытып өтіп, Әзірбайжан мен Түркия арқылы батысқа газ құбырын салуға мүдделі екенін, мұның өзі қазақтың энергия ресурстарын сатуына “Газпромның” бақылауын бәсеңдетуге тиістігін айтты. Алайда, сол күні Қазақстанның тұрба құбырлары жүйесінің ұлттық операторы Ресейге өзінің Атасу-Алашаңқай жаңа мұнай құбыры арқылы Қытайға ресейлік мұнайды айдауға кепілдік берді.

 
Алма-кезек табыспен жүріп жатқан ықпал ету жолындағы осы күресте Америка Құрама Штаттары биылғы күздің өзінде-ақ – тағы да Ресейді айналып өтіп, Түркияға Каспий маңынан мұнай мен газды айдайтын тұрба құбырлары өзінің жұмысын бастаған кезде жеңіске жету ниетінде отыр.

 
Чейнимен бірге шығыс сапарында жүрген Мемлекеттік хатшының көмекшісі Ричард Баучер сияқты америкалық өкілдер Қазақстанды нақ осы маршрут бойынша мұнайды көбірек тасымалдауға шақырды.

 
Үлкен ойынның бүгінгі бірқатар қатысушылары, мұның оғаштығына қарамастан, қазақтың энергия ресурстарын Қытайға сату Американың мүдделеріне қызмет етеді, деп пайымдайды. Мәселе мынада, Қазақстаннан мұнай ала отырып Қытай Парсы шығанағы рыноктарында оны сатып алудан бас тартады, ал мұның өзі әлемдік бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

 
Америка Құрама Штаттары сондай-ақ Орта Азияда өзінің әскери қатысуын сақтап қалуға ұмтылып отыр. Мұның өзі Өзбекстан былтырғы жазда оның аумағында болған және АҚШ-тың Ауғанстандағы қимылдарын қамтамасыз еткен базадан америкалықтарды қуып шыққаннан кейін қажет болып отыр. Осылайша, Ташкент билігінің Әндіжандағы шеруді қатаң басып тастауын Американың сынауына өз әрекетін білдірді. АҚШ-тың Қырғызстанда орналасқан басқа бір ортаазиялық базасы да онша сенімді бола қоймаған сияқты. Мәселе мынада, қырғыз үкіметі жалға беру ақысын арттыруға бейіл және америкалықтарды қуып шығу мәселесін Ресей мен Қытайдың қоштап, қол соғуы жағдайында қарастырмақ.

 
Қазақстан – Каспий өңірінің ең үлкен және көпшілік айтып жүргендей, ең тұрлаулы елі. Тұтастай алғанда, өңірдің мұнай қоры шамамен 10 миллиард баррель болып отыр және де олардың көп бөлігі қазақ аумағында орналасқан. Кеңес Одағының бұрынғы республикалары қатарында мұнайдың қорлары жағынан Қазақстан Ресейден ғана кем түседі.

 
Чейнидің келуі Қазақстанға жоғары мәртебелі американ делегациясының кезекті сапары болды. Америка Құрама Штаттары Назарбаевтың энергетикалық саясатын қолдайды.  
Чейнидің айтуына қарағанда, шілде айында өзінің ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесетін Президент Буш “Ресей өзінің шекараларындағы күшті және тұрақты демократиялардан қорықпағаны жөн, ол бұдан тек қана ұтысқа шығады деп айқын да сенімді түрде айтатын болады”.

 
***

 

ГАЗЕТА.RU

 
АҚШ Вице-президенті Ричард Чейни бұрынғы Кеңес Одағының республикалары бойынша өз аралау сапарын жалғастырды. Ол Қазақстанға келіп, осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Содан кейін бірлескен баспасөз мәслихатында оның Вильнюстегі саммитте Ресейдің атына айтқан сыны (Чейнидің қатқыл сөзі туындатқан дау-дамай туралы “Газета.Ru” егжей-тегжейлі жазған болатын) – жаңылыс айтылған сөз емес және тыңдаушылар қағыс естімегендігін түсіндіргендей болды. “Біз Ресейді өз жауымыз ретінде емес, өңірлік одақтас ретінде қарастырамыз. Бірақ та бізде Ресейдің елде болуға тиіс демократиялық үдерістерге кейбір қарсылығы алаңдаушылық туғызады”, – деп мәлімдеді Чейни америкалық журналистің сұрағына жауап бергенде. “Менің пікірім Вильнюстегі кешегі конференцияға қатысушылардың пікірімен сәйкес шықты. Біз Ресей кеше Вильнюске өкілдері жиналған елдерге қысым жасау үшін энергетикалық ресурстарға бақылауды саяси тетік ретінде пайдаланады деп санаймыз”, – деген АҚШ Вице-президенті кешегі сөзін іс жүзінде қайталады.

 
Бұған Чейни кеше Мәскеудің атына жасаған қарсы әрекетін түсіндіретін төтенше маңызды тіркесті қосты. “Ол сөз мұқият түзілген болатын”, – деді Чейни барлық мәлімдемелері Ақ үйдің басқа шенеуніктермен бірге талдап жасалғанын тұспалдағандай болып.

 
Ақ үй мұны жасырып жатпады. Жұма күні кешкісін оның баспасөз хатшысы Скотт Макклеллан Чейниді қорғайтын ресми мәлімдеме жасады. “Америка әкімшілігі Ричард Чейнидің сөзін қолдайды және Кремльді демократиялық реформалар жолымен жүруге шақырады”, – деді Ақ үйдің өкілі.

 

Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейни:  
 – Қазақстан экономика саласында да, сондай-ақ саясат саласында да соңғы 15 жылда қол жеткізгендердің бәріне ризамыз. Президент мырза әңгіме барысында Қазақстанда демократиялық өзгерістер жөніндегі комиссия құрылғанын ауызға алып еді. Біз бұл қадамды қолдаймыз. Біз Қазақстанмен экономикадағы секілді, саясатта да соңғы 15 жылда қол жеткізілгеннің бәрін орнықтыру үшін жасалатын қадамдарда ынтымақтас болуға әзірміз.  
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнидің бірлескен баспасөз мәслихаты. Астана, 2006 жылғы 5 мамыр.)

 
***

 

АҚШ Қазақстанға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге көмектеседі

 
Бұл жөнінде бүгін АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнимен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев хабарлады: Біз америкалық компаниялар елді дамыту стратегиясын іске асыруға және жоғары технологияларды дамыту саласында серпінді секіріс жобаларын жүзеге асыруға қолдау білдіретін болады деп уағдаластық.

 
***

 

«Новая политика» интернет журналы

 

Жұма күні Дик Чейнидің Қазақстан басшылығымен бейресми кездесуі болды, ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кешкі қонақасымен аяқталды. “Мен бұған дейін талай рет Қазақстанда соңғы 15 жылда экономикалық та, сондай-ақ саяси тұрғыда да болып жатқан оқиғаларға өз тәнтілігімді білдіргенмін”, – деді Чейни журналистермен кездесуінде.  
АҚШ Вице-президенті Дик Чейни саяси және энергетикалық қауіпсіздікке кепілдік алуға үміттенеді.  
Қазақстан  Вашингтонның Орталық Азиядағы бірден бір күшті одақтасы. Америкалық инвесторлар қазақтың барлық ірі мұнай жобаларына қатысуда, олар әлемдік рыноктарға шығаратын мұнай көлемін үсті-үстіне ұлғайтуда.

 

 ***

 

FT.com

 

Вице-президент Дик Чейнидің Қазақстанға сапары АҚШ-тың Орталық Азиядағы шешуші әріптестерімен байланыстарын нығайта түскісі келетінінің кезекті дәлелі болып табылады.

 

Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Ричард Чейни:  
 – Мен жеке өз басым Қазақстанның ел аумағында орналасқан ядролық қарудан және инфрақұрылымнан кезінде бас тартқан өнегесі бірегей болып табылады деп санаймын.  
(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Вице-президенті Ричард Чейнидің бірлескен баспасөз мәслихаты. Астана, 2006 жылғы 5 мамыр.)  
   

KM.RU НОВОСТИ

 
АҚШ Вице-президенті Дик Чейни Қазақстанға келіп, мұнда қошемет сөздерге таршылық жасамады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында Дик Чейни былай деп мәлімдеді: “Біз сіздер Ауғанстан мен Иракта жасаған жұмыстар үшін, сондай-ақ лаңкестікке қарсы жаһандық күресте бізбен ынтымақтасып отырғандарыңыз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз. Қазақстан АҚШ-тың жақсы досы және стратегиялық, басты әріптесіне айналды. Бүкіл Америка Қазақстанда өткен 15 жылда қандай прогреске қол жеткізілгенінің әсерінде қалып отыр”.

 
Қазақстанда Дик Чейни Вильнюстегі саммитте айтқан мәлімдемесін іс жүзінде орнықтыруға кірісті, бұл мәлімдеме бойынша Балтық және Қара теңіз өңірі осы сәттен бастап Батыс пен Ресей арасындағы текетірес аренасы болып табылады. Енді Ақ үй майдан шебін Каспий өңіріне де таратқысы келетін сияқты. Өзінің Астанаға сапары барысында Чейни Ресейге шабуылдауын жалғастырды: “Біз Ресейді өз жауымыз ретінде емес, өңірлік одақтас ретінде қарастырамыз, – деп мәлімдеді ол Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін. – Бірақ та бізде Ресейдің елде болуға тиіс демократиялық үдерістерге кейбір қарсылығы алаңдаушылық туғызады. Менің пікірім Вильнюстегі кешегі конференцияға қатысушылардың пікірімен сәйкес шықты. Біз Ресей кеше Вильнюске өкілдері жиналған елдерге қысым жасау үшін энергетикалық ресурстарға бақылауды саяси тетік ретінде пайдаланады деп санаймыз”. Қазақ лидері Дик Чейниді мұқият тыңдап, Ресей мен АҚШ арасында егес жоқ, “бұл достық ой алмасу болды” деген болжам айтты.

 

Егемен Қазақстан


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар