Жаңалықтар

28 қараша 2014
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
Тәуелсіздік сарайы

 

Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова Қазақстан халқы ассамблеясының биылғы жұмысын қорытындылап, Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялаған 2015 жылға арналған мемлекеттік этносаясатты одан әрі  жетілдіру және Қазақстан халқының бірлігін нығайту жөніндегі негізгі міндеттерді айқындап берді. 

 «Бірлік пен қоғамдық келісім еліміздің «Қазақстан-2050» даму бағыты мен «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатының стратегиялық міндеттерін іске асырудың негізгі шарты болған, болып келеді және бола да бермек. Ассамблея жылы ең алдымен этносаясаттың негізгі бағыттарын одан әрі нығайтуға бағытталған», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының, Алматы облысының әкімі – өңірлік  ассамблеяның төрағасы А.Баталовтың, «Идел» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Р.Валиевтің ақпараттары тыңдалды, сондай-ақ ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Ассамблея Кеңесінің отырысы аясында «Қазконтент» АҚ  ҚХА интернет-сайтының жаңа дизайнын таныстырды, ал Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры  45 әлеуметтік маңызды  жобаның көрме-жәрмеңкесін өткізді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар