Жаңалықтар

29 наурыз 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2012 жылғы есебін қарауға арналған кеңес өткізді

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов және Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов қатысты.

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов және Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов қатысты.

- Ұлттық Банктің қызметі туралы дәстүрлі жылдық есепті қарай келе, біз бүгінде ел дамуының барлық макроэкономикалық көрсеткіштері қалыпты мөлшерде екенін көріп отырмыз. Әлемде қаржылық тұрақсыздық орын алып отырғанда, экономика өсімі 6 пайыз болғанын орнықты көрсеткіш деп санауға болады. Инфляция белгіленген шектен асқан жоқ, ұлттық валюта бағамы тұрақты деңгейде, ал экономиканы кредиттеу және банктерді капиталдандыру артуда, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев осыған қарамастан тиісті шешімдер қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті.

- Экономиканың тұрақты өсімі маңызды міндет болып қала береді. Үкімет пен Ұлттық Банк экономиканың өсу қарқыны төмендемеуі үшін жұмыс істеуі қажет және бұл үшін үйлестірілген ұсыныстар енгізу керек. Бұған қоса, біздің алдымызда зейнетақы жүйесін жетілдіру, атап айтқанда, бірыңғай зейнетақы қорын құру мәселесі тұр, - деді Қазақстан Президенті.

Г.Марченко 2012 жылдың қорытындысы жалпы оңды болғанын айтты.

- Мысалы, егер банк секторындағы көрсеткіштер туралы айтсақ, онда банктер кредиті 13 пайызға артты, екі жылда олардың жалпы өсімі 29 пайызды құрады, ол уақытта Еуропада кредиттер деңгейі өскен жоқ, АҚШ-та ол 10 пайызға, Ұлыбританияда 5 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, халықтың салымы 23,8 пайызға, сақтандыру сыйақысы 20,5 пайызға артты, зейнетақы қорларының активтері 20,2 пайызға ұлғайды, - деп мәлімдеді Ұлттық Банк төрағасы.           

Кеңес барысында Г.Марченко Мемлекет басшысына Ұлттық Банктің баға тұрақтылығын қамтамсыз ету жөніндегі қызметі, қаржы-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетіктері мен оның әдіс-тәсілдерін одан әрі жетілдіру,  халықаралық активтерді әртараптандыру туралы баяндады, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарызы мәселелері жөнінде әңгімеледі.

Қазақстан Президенті есепті қарау қорытындысы бойынша инфляцияны болжанған деңгейде ұстап тұру және қаржы секторын одан әрі дамыту қажеттігі туралы нақты нұсқау берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметпен бірлесіп, бірыңғай оператор арқылы төлем карточкалары қызметін көрсетудің  орталықтандырылған жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Қазақстанның мүддесі тұрғысынан  Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар