Жаңалықтар

28 қаңтар 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы бас кеңесінің отырысына қатысты

Отырыстың екінші бөлігіне қатысқан Мемлекет басшысы Кәсіподақтар федерациясының таңдауын қолдады және Ә.Құсайыновты осы қызметке сайлануымен құттықтады.

Отырыстың алғашқы бөлігінде бас кеңестің мүшелері – Федерацияға мүше ұйымдардың басшылары мен салалық кәсіптік бірлестіктердің өкілдері Федерацияның жаңа басшысы қызметіне қазір Қарағанды облысының әкімі қызметін атқаратын Әбілғазы Құсайыновты сайлады.

Отырыстың екінші бөлігіне қатысқан Мемлекет басшысы Кәсіподақтар федерациясының таңдауын қолдады және Ә.Құсайыновты осы қызметке сайлануымен құттықтады.

- Қазақстан кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі. Бүгін сіздер үшін маңызды күн. Жаңа ғана Федерацияның жаңа төрағасы сайланды. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясын 20 жыл бойы Сиязбек Өнербекұлы Мұқашев табысты басқарды. Бұл қиын кездер еді. Өткен жылы Қазақстан ауқымды, көбінесе ауырлау, бірақ мейлінше қажетті әлеуметтік-экономикалық реформадан өтті. Кәсіподақ ұйымдары көп жұмыс атқарды. Федерация жаңа Қазақстанды қалыптастыруға белсене атсалысты. Сіз жаңа Қазақстан экономикасын құруға, ірі кәсіпорындарды нарықтық қатынастарға көшіруге, шағын және орта бизнестің қалыптасуына зор үлес қостыңыз. Кәсіподақтар федерациясы екі миллион адамды, 26 республикалық салалық кәсіподақты біріктіре отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа еңбек қатынастары жүйесін құру жұмыстарының алдыңғы қатарынан көрінді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев С.Мұқашевқа еліміздің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді және төраға болып сайланған Ә.Құсайыновтың қызметтің барлық саласында мол жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті.  

- Ол еңбек нарығын, әлеуметтік сала мен еңбек қатынастарының барлық мәселелерін жақсы біледі. Сіздер өткен жылы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақала жариялағанымды білесіздер. Онда кәсіподақтарды және Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға баса мән берілген. Мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын біздің Федерация құрамына кіретін барлық кәсіподақ ұйымдары қолдайды деп сенемін. Менің тапсырмам бойынша, қазір Әлеуметтік дамудың жалпыұлттық тұжырымдамасы әзірленуде. Қиындықтарға қарамастан,  біз әрбір еңбеккердің, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайына әрдайым баса назар аударып келдік. Бұл ретте мемлекет пен кәсіподақтардың мақсаттары толық сәйкес келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде ел алдында Қазақстан Кәсіподақтары федерациясына да үлкен жауапкершілік жүктейтін зор міндеттер тұрғанын атап өтті.

- Федерация мен оның барлық құрылымы «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға белсенді қатысу үшін өздерінің нақты міндеттерін анықтайтынына сенемін. Осы орайда мынадай аспектілерге назар аударудың маңызы зор. Кәсіподақтар қозғалысы бүкіл елімізбен бірге жаңғырту жолына түсті. Қазір менің тапсырмаммен «Кәсіподақтар туралы» жаңа заң әзірленуде. Федерация осы заң шығару жұмысына барынша белсене атсалысуы керек. Жаңа заң еңбек заңнамасы кешені тұрғысынан қарастырылуы қажет. Атап айтқанда, кәсіподақтардың жұмыс берушілермен және жұмысшылармен өзара іс-қимылы тетіктерімен қоса қарастырылуы керек. Жаңа заң кәсіподақтардың еліміздегі  елеулі рөлін барынша күшейтуі тиіс. Кәсіподақтарды жаңа даму кезеңіне шығару қажет. Олар формализм мен төрешілдіктен белсенді түрде арылып, Еңбек адамының мүддесін кәсіби тұрғыда қорғауға тиіс. Салалық кәсіподақтар нақты ықпалдасып, өздерінің әлеуметтік-еңбек топтарының мүддесін білдіруі маңызды. Сол кезде бөлінушілік және қандай да бір баламалы кәсіподақтар құру ниеті болмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізде үдемелі индустрияландыру аясында Қазақстан экономикасын түбірімен өзгертетін жүздеген инновациялық кәсіпорын құрылатынын атап көрсетті.

- Олар әлеуметтік базаны нығайтып, тығыз топтасқан еңбек ұжымын қалыптастыруы қажет. Бұл әрдайым кәсіподақтардың ісі болып келген. Ұжымдық шарттың барлық тұсы жария және айқын болып, олар әрбір жұмысшыға түсіндірілуі қажет. Тек сонда ғана жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында өзара толық түсіністік орнайтын болады. Мәселе шиеленіске ұласпай тұрған бастапқы кезеңде еңбек дауларын шешуге нәтижелі түрде атсалысу керек. Бітімгерлік рәсімдер мен үшжақты комиссияның тетіктерін белсенді пайдалану маңызды. Біздегі арзан беделге құмар кейбір кәсіподақ қызметкерлері өз міндетін адамдарды үнемі даурықтыру деп біледі. Кәсіподақтардың миссиясы басқаша - атап айтқанда, мәселені дер кезінде анықтап, толықтай заңға сәйкес, іскерлікпен шешіп, еңбек шарты мен жұмысшылардың жағдайын жақсарту, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев салалық кәсіподақтардың бейінді министрліктермен және жергілікті әкімдіктермен өзара іс-қимыл орнату қажеттігіне тоқталды.

- Кәсіподақтар консультативтік-кеңестік құрылымдар мен қоғамдық кеңестер құрамына кіруге тиіс. Министрліктер мен әкімдіктер әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырғаны жөн. Біз жақында Өңірлік даму министрлігін құрғанымызды білесіздер. Өңірлерді даму міндеті бүгінде алдыңғы орынға шығып отыр. Сондықтан Федерацияның облыстық филиалдары жергілікті билік органдарымен серіктестік өзара іс-қимылды орнықтыруы керек. Кәсіподақтардың «Нұр Отан» ХДП-мен, Азаматтық альянспен өзара іс-қимылының мол әлеуетін пайдалануы қажет, - деді Мемлекет басшысы.    

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ірі шетелдік және трансұлттық корпорациялар өз қызметінің аясын кеңейте түскенін де атап өтті.

- Осыған байланысты оларда еңбек ететін Қазақстан азаматтарының құқығын қорғауды қамтамасыз ету қажет. Еліміздің аумағында жұмыс істейтін компаниялар оның заңдарын құрметтеуі керек, ал кәсіподақтар жұмыс уақытының ұзақтығы мен еңбекақы төлемінің теңдігі мәселесін шешуге белсенділікпен атсалысуға тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Ә.Құсайынов, С.Мұқашев және кәсіподақ ұйымдарының басшылары Президентке еліміздегі кәсіподақтар қызметіне үнемі көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыстарын айтты, сондай-ақ «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» тұжырымдамасында алға қойылған міндетті іске асыру үшін қажетті күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесуде кәсіподақтар бірлестіктерінің басшылары тиісті саланы дамытудың өзекті мәселелерін қозғап, оларды дамытудың келешегіне қатысты өз пікірлерін ортаға салды.                                                       


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар