Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

5 қыркүйек 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференцияға қатысты

Іс-шара Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалпына келтіру, өңірлік бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған жәрдемі аясында ұйымдастырылды.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Г.Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілікті тезірек орнатуға көмектесуді жақтайтыны айтылған, сондай-ақ әйелдердің жағдайын жақсарту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және бейбіт өмірге қол жеткізу жолындағы Ауған Үкіметінің қадамдары жоғары бағаланған.

Г.Әбдіқалықова Ауғанстанды Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысқа тартудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Мемлекеттік хатшы Ауғанстандағы және тұтас өңірдегі нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыру мақсатымен халықаралық бизнес өкілдерінің кеңінен атсалысуы арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл Ауғанстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Конференция қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Құжатта Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және жалпы Орталық Азия елдерінде негізгі гендерлік үрдісті ілгерілету ісіндегі өңірлік өзара іс-әрекеттің бағыттары айқындалған.

Мемлекеттік хатшы конференция аясында Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Әйелдер комитетінің төрайымы Т.Нарбаевамен, сондай-ақ Ауғанстан делегациясының басшысы – Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер істері жөніндегі министрі Д.Назаримен екі жақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстанның Өзбекстанмен, Ауғанстанмен ынтымақтастығының қазіргі ахуалы және перспективалары талқыланды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар