Жаңалықтар

15 маусым 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ІІ Еуразиялық «Eurasian Book Fair – 2017» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу рәсіміне қатысты

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде кітап форумы маңызды жаһандық оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен тұспа-тұс келгенін айтты.

Мемлекеттік хатшы білімнің салтанат құру мәселесі негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысында көрменің өзектілігі зор екенін атап өтті.

Биыл Қазақстанның бас қаласына 25 мемлекеттен, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Түркия, Иран, Үндістан және басқа да елдерден 90 компания мен ұйымдардың өкілдері келді.

Көрме аясында ауқымды мәдени-іскерлік бағдарламаны іске асыру жоспарланып отыр. Әр түрлі таныстыру рәсімдері, дөңгелек үстел жиындары, танымал мәдениет қайраткерлерімен, жазушылармен және ақындармен кездесулер өтеді. Жалпы алғанда, көрменің қазақстандық және шетелдік қатысушылары 100-ге жуық мәдени-іскерлік іс-шаралар өткізіп, этномәдени бірлестіктер өнер көрсетеді.

Мемлекеттік хатшы Еуразиялық «Eurasian Book Fair – 2017» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде кітаптардың экспозицияларымен танысып, қатысушылардың барлығына шығармашылық байланыстарды ілгерілетіп, жоғары кәсіби табысқа жетуге тілектестік білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар