Жаңалықтар

2 желтоқсан 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекеленіп жатқанын атап өтті.

– Жыл бойы біз Қазақстанның қалыптасу кезіндегі қиындықтар туралы айтып, еліміздің түрлі саладағы жетістіктерін көрсетіп, осы жылдары қандай жолмен бірге жүріп өткенімізді сарапқа салдық, – деді Г.Әбдіқалықова.

Отырыста Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы мәселелер қаралды. Жоспар аясында балалардың, соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балаларының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ отбасы және неке, отбасылық құндылықтарды нығайту тұрғысында халықтың біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қарастырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі аясында балалар үйінің 7 779 тәрбиеленушісі үшін 5 млрд-тан астам теңге көлемінде жинақтау шоттары ашылды. Мемлекет отбасыға орналастырудың барлық түрін (қамқорлыққа алу, патронат, отбасына қабылдау) материалдық тұрғыдан қолдайды. Қазақстан азаматтары үшін бала асырап алу рәсімдері жеңілдетіліп, бала асырап алудың халықаралық талаптары күшейтілді.

Мектепке дейінгі 5 213 баласы бар 39 арнаулы мекеме және 5 461 бала тәрбиеленетін 159 арнаулы тобы бар жалпы мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Бүгінде республикада инклюзивтік білім беру әдісін енгізген балабақшалар саны артуда. Мектепке дейінгі жастағы 14 517 бала инклюзивтік білім беру жүйесімен қамтылған. Қосымша білім беру мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі 2 мыңнан астам бала үшін шығармашылық сауықтыру шаралары ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, отырыс барысында әйелдердің діни сауаттылығын арттыру ісіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысына қатысты мәселелер қарастырылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 2013-2016 жылдары 51%-дан астамын әйелдер құрайтын, жалпы саны 5,5 млн-ға жуық адамды қамтыған 59 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Ұлттық комиссия мен өңірлер әкімдіктері бірлесіп жүргізетін «Дін және әйел» жобасы іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Ұлттық комиссия мүшелеріне жастар арасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, ұлттық мәдениет пен отбасылық дәстүрлерді ілгерілету үшін құрылған «Otbasym.kz» ұлттық мультимедиялық порталы таныстырылды.

Мемлекеттiк хатшы отырыс соңында мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар