Жаңалықтар

2 сәуір 2014
Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысты

 

Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Серік Ахметов басқарған Үкіметтің отставкасы қабылданғаны туралы айтты.

– Үкімет аса бір қателікке жол берген жоқ. Ол ағымдағы міндеттерді атқара отырып, өз тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне қарай жұмыс жүргізді. Бірақ әлемдік экономикалық дағдарыс жалғасып отырған жағдайда Үкімет «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыруға кірісті. Бұл нақты және жүйелі жұмысты қажет етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Серік Ахметовке және Үкімет мүшелеріне атқарылған жұмыс үшін алғысын айта келіп, қазіргі жағдайда еліміздің әлеуетін тиімді іске асыру үшін жаңа тәсілдер қажет болатынын атап өтті.

– Біз бүгін азаматтық қызметшілердің еңбекақыларын көтердік, егер ел экономикасының қарқынды дамуы жалғасатын болса, біз азаматтарымыздың табысын алдағы уақытта да арттыратын боламыз. Ел экономикасы өсімінің жоғары қарқынын, сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету үшін Үкіметтен нақты әрі сауатты жұмыс талап етіледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің лауазымына К.Мәсімовтің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

– Кәрім Мәсімов біз рецессияға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеген 2007–2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде жұмыс істеді. Экономиканы одан әрі дамыту үшін бізге елдің ішінде де, негізгі шетелдік серіктестерімізбен де тиімді жұмыс жүргізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламент Мәжілісінің депутаттары елдің Премьер-Министрі лауазымына К.Мәсімовтің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Өз сөзінде К.Мәсімов артылған сенім үшін ризашылығын білдіре келіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар