Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

9 маусым 2017
Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті
Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысқаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихында БҰҰ Бас хатшысы оның жұмысына бірінші рет қатысуда. Сіздің осы шараға келуіңіз ұйым үшін тарихи сәт – ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Сол арқылы бұл ұйым аймақтық деңгеймен шектелмей, елеулі саяси күшке айналуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Мемлекет басшысы БҰҰ қызметінің қағидаттары мен оның барлық бастамаларын Қазақстан әрдайым қолдап келгенін атап өтті. 

– Өзіңіз білетіндей, Қазақстан антиядролық қозғалыстың көшбасшысы саналады және БҰҰ тарапынан 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды. Мен Қазақстан тарапынан Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін берілетін сыйлық тағайындадым. Иордания Королі ІІ Абдалла осы халықаралық сыйлықтың бірінші лауреаты атанды, – деді Қазақстан Президенті.      

БҰҰ Бас хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуімен құттықтап, оған Үндістан мен Пәкістанның мүше болып қабылдануын атап өтті.    

– Мен осы саммитке Шанхай ынтымақтастық ұйымының бірте-бірте бүкіл әлемдегі ықпалдастық орталығына айнала бастағанын жете сезініп келдім. Бұл ұйым, менің ойымша, бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі болып саналады. Үндістан мен Пәкістан осы басқосуда сындарлы диалог жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады деп ойлаймын, – деді А.Гутерриш.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар