Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 мамыр 2014
Мемлекет басшысы VІІ Астана экономикалық форумына және Дағдарысқа қарсы II дүниежүзілік конференцияға қатысқан Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесті

Мемлекет басшысымен кездесуге Вютрих Курт, Финн Кидланд, Джордж Фитцджеральд Смут III, Мухаммад Юнус, Святослав Тимашев, Писсаридес Кристофер, Арье Варшель қатысты.

 

Мемлекет басшысымен кездесуге Вютрих Курт, Финн Кидланд, Джордж Фитцджеральд Смут III, Мухаммад Юнус, Святослав Тимашев, Писсаридес Кристофер, Арье Варшель қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сұхбаттастарына  VІІ Астана экономикалық форумына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, бұл шараға Астаналық Нобель сыйлығы лауреаттары клубының құрылуы ерекше маңыз беретінін атап өтті.   

– Форумға сіздердің қатысуларыңыз арқылы бүгінде әлемде аз болмай отырған экономикалық түйткілдердің сындарлы шешіміне нақты үлес қосылады. Сессияларда сөз сөйлеп, ұсыныстар әзірлеудің және Форумның қорытынды құжаттарын дайындауға қатысудың маңызы зор, – деді Қазақстан Президенті.

Әңгімелесу барысында әлемдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуға қатысты бірқатар проблемалар, сондай-ақ жаһандану жағдайындағы Қазақстанның даму мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс салдарлары бұрынғысынша жаһандық экономиканы қатты қыспаққа алып отырғанын, Еуропадағы экономикалық проблемаларды шешудегі дүдамалдық,  дамушы елдердегі өсім қарқынының баяулауы соның нәтижесі екенін айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қазіргі замандағы әлемдік сын-қатерлер жағдайында Қазақстан қолға алып жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Атап айтқанда,  Нұрсұлтан Назарбаев еліміз 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, сондай-ақ ұзақмерзімді үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылдағанын атап өтті.

Бұдан бөлек,  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдік, соның ішінде баламалы энергетикаға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Бұған Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен  «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу де септігін тигізетін болады.

Өз кезегінде Нобель сыйлығының лауреаттары Қазақстанның ғылым мен инновацияның дамуына қосқан зор үлесін, сондай-ақ VІІ Астана экономикалық форумының жаһандық әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылауға арналған әлемдік платформа болып отырғанын  атап өтті.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар