Жаңалықтар

21 маусым 2016
Елбасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысына қатысты

 

Жиын барысында Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің төрағасы лауазымына Н.Нығматулиннің кандидатурасын қарастыру туралы ұсыныс берді.

– Баршаңыз Нұрлан Зайроллаұлын жақсы білесіздер. Ол Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Соңғы жылдары Мәжілістің V шақырылымын басқарып, көбіңізбен бірге еңбек етті. Оның Президент Әкімшілігіндегі екі жарым жыл істеген қызметі президент сайлауы, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы сияқты қауырт саяси кезеңдерге сәйкес келді. Еліміз үшін ауқымды саяси жұмыстар жүргізілді. Сайлаулар жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, жақсы бағаға ие болды. Халқымыз ынтымағын көрсетіп, бізді қолдады. Сондықтан жұмысты одан әрі жалғастыруымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің атқарушы билікпен арадағы өзара іс-қимылды белсендірек жүргізуі қажеттігіне назар аударды.

– Біз Үкіметке жұмысты байыппен жүргізуге мүмкіндік бердік, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Бірақ бұл жетекші саяси партиямыз «Нұр Отан» мен оның фракциясы Үкіметтің алдына қойылатын міндеттердің орындалуына қатаң қарамауы тиіс дегенді білдірмейді. Орындалуы қажет стратегиялық бағдарламалар бар. Біздің өз елімізде де, шет елдерде де орындалуын жұрт бақылап отырған негізгі міндетіміз – Бес институционалды реформаның іске асырылуы жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Мәжіліс төрағасы қызметінде атқарған жұмысы үшін Б.Ізмұхамбетовке алғыс айтты.

– Бүгін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төралқасының кезектен тыс отырысы өтіп, оның барысында Бақтықожа Ізмұхамбетов кеңес төрағасы болып сайланды. Еліміз үшін бұл өте маңызды мәселе. Көптеген көрнекті қайраткерлердің басын қосып отырған ұйым ардагерлердің мәселесімен де, жастардың адамгершілік тәрбиесімен де айналысады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Астана – Казахстан
Все события рубрики Астана – Казахстан