National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

2014 жылғы 04 шілде

 

Мемлекет басшысы жиналған қауымды келе жатқан Астана күнімен құттықтады және Мемлекеттік туды көтеру рәсімі елорда құрметіне арналған мерекелік шараларды бастайтын жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Біздің байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының жанында, барлық елдердегі елшіліктеріміздің ғимараттарында желбіреп тұр. Ол Қазақстан спортшыларының халықаралық жарыстардағы жеңістерінің құрметі үшін де көкке көтеріледі. Ту – патриотизм мен Отанымызға деген адалдықтың символы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астананың жас болса да, еліміздің елордасы ретінде айтарлықтай табыстарға жеткеніне тоқталды.

– Елордамыз небәрі 16 жылда сүйікті қаламызға, бүкіл еліміздің орталығына айналды. Халықаралық ауқымдағы маңызды іс-шараларды өткізу арқылы ол енді бүкіл әлемге танылды. ЕҚЫҰ секілді беделді ұйым өз саммитін біздің елордамызда өткізуге болады деп ұйғарды. Мұнда басқа да елеулі экономикалық және саяси сипаттағы шаралар өтті. Астана Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің бесігіне айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Елорда күніне орай әрдайым жаңа нысандар іске қосылатынын, солардың қатарында биыл Ұлттық музей, Тұңғыш Президент кітапханасы бар екенін айтты.

– Шағын қала болған Ақмола – бүгінде 800 мыңнан астам адам тұратын мегаполис. Астана тұруға жайлы әрі қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Ел қазынасына едәуір қаражат әкеле бастаған елордамыз бюджеттің донорына айналды. Бизнес белсенді дамып, инновациялар енгізілуде. Астана сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының маңызды орталығы болып отыр. Сол себепті де біз өз елордамызды жақсы көреміз және онымен мақтанамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік погондар тапсырды.

– Сіздер Қарулы Күштердің, полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қатарында қызмет ететін боласыздар. Иығына погон таққан азаматтар ылғи да елдің көз алдында. Сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздер дайындықтан өтіп, білім алдыңыздар, енді өздеріңіз жаңадан қабылданушыларға тәлімгер боласыздар. Оларға патриотизмнің, Отанға адалдықтың үлгісін, ерлік пен адам рухының көркемдігін көрсетесіздер деген үміттемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы барша жас офицерлерді, әскери оқу орындары түлектерін құттықтап, оларға табыс және бақ-береке тіледі.

Мемлекет басшысының қолынан офицерлік погонды Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің Әскери институты, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты, ҚР Ұлттық ұланының Әскери институты секілді жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі алды.

Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауылы ротасы, ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасы және ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Ұлттық ұланы ротасы қатысты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің