National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты

2017 жылғы 13 шілде

Еліміздің күш және құқық қорғау құрылымдарының, министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен бірге, құрметті қонақтар қатарында шетелдік елшіліктер делегацияларының жетекшілері, шетелдік арнаулы қызмет өкілдері мен ардагерлері болды.

Қазақстан Президенті елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін құрбан еткен ҰҚК қызметкерлерінің еңбектерін ерекше атап өтіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.

Мемлекет басшысы Достастық елдерінің қауіпсіздік органдарының жетекшілеріне Қазақстандағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, өзара жемісті іс-қимыл жасап келе жатқаны үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің мемлекетіміздің егемендігі мен конституциялық құрылымын сақтаудағы рөлін атап өтті.

– Біз «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын іске асырудамыз. Оның мақсаты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына кіру. Оған табысты қол жеткізудің басты шарттары – төңірегімізде бейбіт өмір мен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан қоғамында ішкі саяси тұрақтылық пен келісім орнату, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасы ету үшін күрескен қаһарман бабаларымыздың ерлігін есте сақтаудың маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің қазіргі барлық сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін ҰҚК қызметкерлерінің кәсіби қабілеті мен біліктілігін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

– Жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның ведомстволарының жаңа құрылымы бекітілді. Өзара іс-қимыл жасау мен күш-қуатты қайта орналастырудың жаңартылған жүйесі мейлінше тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алдағы уақытта да Отанымызға мінсіз қызмет етіп, елімізді көркейту және ұлттық мүддемізді қорғау жолында өздерінің барлық күшін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенімдімін, – деді Елбасы.

Соңында Қазақстан Президенті қызметтік парызын орындауда ерлік мен жанкештілік көрсеткен ұлттық қауіпсіздік органдарының үздік қызметкерлеріне ордендер мен медальдар табыс етті. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Е.Көшербаев (марқұм), Ә.Сарықұлов, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ҰҚК қызметкерлері – Д.Базарбаев, А.Қожабеков, А.Лұқпанов, Ж.Омариев, Ә.Тастамбеков, Е.Үсенов марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің