National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында дауыс берді

2021 жылғы 10 қаңтар

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында өз таңдауын жасады.

Президент қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін ұйымдастырылған брифингте Парламент сайлауы әрбір елдің өміріндегі аса маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Бұл сайлау мемлекетіміздің одан әрі дамуына серпін береді. Жалпы біздің Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, еліміздің болашағы үшін де соғұрлым жақсы болады. Сондықтан сайлау әділ өтеді деп сенемін. Парламенттің негізгі міндеті сапалы заңдар қабылдау. Қазақстанға сапалы заңнама жүйесі қажет. Сол себепті бәріміз осы мүмкіндікті пайдаланып дауыс беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Журналистер ең алдымен Президенттің сайлауға қандай көңіл-күймен келгенін, қай партияға дауыс бергенін сұрады.

– Көңіл-күйім өте жақсы. Халқымыз белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Біз Қазақстанның болашағы, еліміздің дамуы үшін дауыс бердік. Парламентте еліміздің келешегі, халқымыздың тағдыры жайында кең ауқымды пікірталастар болуы керек, – деді Президент.

БАҚ өкілдерін Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан не күтетіні, қандай үміт артатыны қызықтырды.

– Бұл сайлау еліміздегі демократияны дамытуға жасалған тағы бір қадам болуы керек. Әр сайлау – азаматтық қоғамның ілгерілегенін көрсететін сынақ. Біздің Парламентімізде әртүрлі партиялар болатынына үлкен үміт артамын, – деді Мемлекет басшысы.

Журналистер Президенттен сайлауалды үгіт-насихат науқанының қаншалықты бәсекеге сай өткені туралы сұрады.

– Халқымыздың азаматтық белсенділігі өте жоғары. Үміткерлер өте көп. Барлығына тең мүмкіндік жасалды. Жалпы алғанда, сайлау жоғары деңгейде, заңнамаға сәйкес өтіп жатыр. Қандайда да бір заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Біз бәрін мұқият бақылап отырмыз. Бұл сайлау бәрімізге, әсіресе, азаматтық қоғамға үлкен сынақ. Сондықтан сайлау жақсы өтеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Брифинг барысында Мемлекет басшысы реформалардың кезекті пакеті әзірленіп жатқанын айтты.

– Реформалар дайындалып жатыр. Ол тоқтамауы керек. 15 қаңтарда Парламентте депутаттардың жаңа құрамының алдында сөйлеймін. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында алдағы реформалар жайы жан-жақты талқыланады, – деді Президент.

Журналистер Қасым-Жомарт Тоқаевтан болашақта Үкіметте болатын ауыс-түйістер туралы пікірін сұрады.

– Біздің заңнамаға сәйкес, Үкімет отставкаға кетуі керек. Сайлаудан соң Парламентте жаңадан сайланған депутаттармен және фракция жетекшілерімен Премьер-Министрдің, Үкімет мүшелерінің құрамы жөнінде ақылдасамын, – деді Мемлекет басшысы.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің