National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттады

2019 жылғы 06 қыркүйек

Мемлекет басшысы 24 маусымда Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды. «Ақорда» резиденциясында өткен салтанатты жиында 40 адам марапатталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұрғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан барлық азаматқа ризашылық білдірді.

Президент 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалатынын айтып, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегенін айтты.

– Қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта нысандардың 97 пайызының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, ең алдымен, көп балалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілгенін хабарлады. 1 қыркүйек күні 16 мектеп 12 мың оқушыны қабылдады, оның 2,5 мыңы бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.

- Шын мәнінде, бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал, осы залға келе алмағандардың бәрі ордендермен және медальдармен марапатталатын болады, - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің