Жаңалықтар

9 мамыр 2017
Қазақстан Президенті «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының рухына тағзым етіп, монументке гүл шоғын қойды.

Салтанатты шара соңында Елбасы «Студенттер» саябағындағы шатырлар қалашығына барды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлеріне алғыс айтып, оларды құттықтады, сондай-ақ жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығын атап өтті.

– Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және аспанымыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойып, халқымыздың майдандағы және тылдағы қаһармандығы мен еңбегіне деген зор құрметімізді білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында ондаған миллион адамның өмірі қиылған ең қанқұйлы соғыс болғанын айтты.

– Қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтар да болды. Республикамыздың 6 миллион халқының 20 пайызы майданға аттанды. Олардың жартысы қайта оралған жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Жеңістің Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы маңызды рөліне тоқталып, оған ел халқының бірлігі арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

– Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуге тиіс. Жеңіске ең алдымен еліміздегі барлық халықтың бірлігінің, бауырмалдығының және достығының нәтижесінде қол жетті. Біз қазір де осы ұранмен өмір сүріп келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен тағы да құттықтап, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу